16 желтоқсанда Алматыда Қазақстан халықтарының ертегілері саябағының ашылуы өтеді.
ERNUR.KZ. Қазақ, орыс, неміс, грек, өзбек, шешен, корей, украин, ұйғыр, еврей ертегілері мен аңыздарына негізделіп салынған саябақ көпұлтты Қазақстан халқының бірлігін бейнелейді, деп жазады zakon.kz.
Саябақ Халиуллин көшесі, 45А мекенжайында орналасқан. Нысанның ашылу бағдарламасында балалар мен ересектерге арналған қызықты квесттер, түрлі ойын-сауықтар қарастырылған. Еріктілер балаларға Қазақстан халықтарының ертегілерін айтып береді, ал этномәдени бірлестіктер шығармашылық нөмірлерін көпшілік назарына ұсынады. Одан бөлек, мерекелік жәрмеңке өтеді, онда әркім жаңа жылдық сыйлықтар мен кәдесыйлар сатып ала алады.
Ертегілер саябағының жалпы ауданы 3000 шаршы метрді құрайды. Мұнда нағыз мәдениет және демалыс бағы бар. Қылқанды және жапырақты ағаштар оазисі, гүлденген бұталар, раушан көшеттері, гүлзарлар және "алтын балықтары" бар тоғанда субұрқақ орналасқан.
Демалыс орнында шырша, қарағай, туя, майқарағай, жөке ағашы, бөртегүл, сондай-ақ мұнда 150 жылдан астам уақыт бұрын отырғызылған емендер бар. Бұталардан: гортензия, көпіршік бұтасы, форзиция, көріктал, тобылғы, арша, қырыққұлақ. Ағаштардың саясында жаяу жүргіншілер жолдары мен орындықтар орнатылған.
Саябақта Қазақстан аумағында тұратын халықтардың ертегілері мен аңыздары кейіпкерлерінің мүсіндік фигуралары орнатылған. Атап айтқанда, "Алдар Көсе", "Күнекей қыз", "Қожанасыр", "Чин Тимур", "Маша мен аю", "Хасан мен Ахмед", "Персей", "Қоян мен тасбақа", "Алтын балық", "Пацюк", "Гензель и Гретель" және "Тевье сүт сатушы". Жалпы, қоладан құйылған он үш авторлық мүсін қойылған.
Олардың ішінде "Санта Клаус тағы" деп аталатын ерекше мүсіндік композиция бар. Мұнда Сантамен естелік фотоға түсуге болады.
Саябақ мүсіндерінің авторы әйгілі қазақстандық мүсінші, станокты, монументалды, мемориалдық және саябақ мүсінінің ең танымал шеберлерінің бірі – Павел Иванович Шорохов.
Демалыс орнында ана мен балаға арналған жайлы және жабдықталған бөлмелер жұмыс істейді. Сондай-ақ саябақта ыстық шаймен немесе кофемен жылынып, осында жаңа пісірілген нан өнімдерінен дәм татуға болады.
Ертегілер саябағының жұмыс кестесі – күн сайын сағат 8.00-ден 19.00–ге дейін. Сенбі, жексенбі және мереке күндері сағат 10.00-ден 16.00-ге дейін балаларға арналған бағдарламалар өткізіледі. Кіру тегін.
Саябақ Алматының ең көне православие ғибадатханасы, мәдениет және сәулет ескерткіші – Қазан соборына іргелес аумақта орналасқан. Көп жылдар бойы бұл қоқыс шашылған бос жер еді. Енді бұл оңтүстік астана тұрғындары мен қала қонақтары үшін безендірілген демалыс орны болмақ.