Зардап шеккен әйел анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде ем қабылдап жатыр.
фото: видеодан скрин
ERNUR.KZ. Алматының Қоғамдық денсаулық басқармасы 9 сәуірге қараған түні мотоцикл жүргізушісі қағып кеткен әйелдің жағдайы туралы мәлімдеді. Оқиға кезінде екі жол жұмысшысы қаза болған еді, деп жазады tengrinews.kz.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, зардап шеккен әйел анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде ем қабылдап жатыр. Оның жағдайы өте ауыр күйінде қалып отыр.
Еске салайық, 9 сәуірге қараған түні Алматыда екі жол жұмысшысы қаза тапқан қайғылы жол апаты болды. Жол апаты түнгі сағат 01:30 шамасында Алатау ауданында болған. Жол апаты орнынан түсірілген кадрлар әлеуметтік желілерде жарияланды.
"Мотоцикл жүргізушісі Рысқұлов даңғылы бойымен батыс бағытта келе жатып, бір бағытта келе жатқан Mercedes көлігімен соқтығысқан. Қозғалысын жалғастырған мотоцикл жүргізушісі жол бойында тұрған үш жол жұмысшысын, екі ер адам мен бір әйелді қағып кеткен", – деп хабарлады полиция.
Екі ер адам алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды, әйел түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген.