175 көше мен 34 шақырымды құрайтын арық-атыз бар.
Жетісайдағы арық-атыздар мен коллекторлардың жағдайына талдау жүргізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында инфрақұрылымды жетілдіру, су нысандарын реттеу жұмыстары жалғасуда. Бүгінде Жетісай қаласында жеке тұрғын үй секторларынан бөлек 136 көппәтерлі тұрғын үй, жалпы ұзындығы 200 шақырымға жуық 175 көше мен 34 шақырымды құрайтын арық-атыз бар.
Арнайы белгіленген 18 қоқыс тастау орындарында 200-ге тарта қоқыс контейнерлері қойылғанымен қоқысты көшеге тастауды әдетке айналдырған заң мен тәртіпке мойынсұнғысы келмейтіндерді анықтап, тиісті шара қабылдау үшін қала ішіне 30 бейнебақылау камерасы орнатылған.
Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов тиісті сала басшыларымен Жетісай қаласының көшелерін жаяу аралап, көшесі бойларындағы коллекторлардың, арық-атыздардың тазалығын, көшелердегі қоқыс тастайтын урналар мен тазалық жұмыстарының жағдайын көрді. Анықталған кемшіліктер бойынша тиісті тапсырмалар берді. Шаһар басшылығы мен коммуналдық салаға жауапты азаматтарға Ә.Қашаубаев көшесін кесіп өтетін жалпы ұзындығы 4 шақырымды құрайтын коллектордың бойында орналасқан 172 жеке тұрғын үй мен бірнеше көлік жуу орталықтарының сарқынды суларын өздігінен қазып алған арықтар арқылы коллекторға төгуін тоқтатуды, жеке тұрғын үй секторлары мен көлік жуу орындарын орталық кәріз жүйесіне қосуды, арық-атыздардың тазалығын қатаң бақылауда ұстауды, бұл бағытта арнайы жоспар жасап, тиісті жұмыстарды өз деңгейінде жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар Жаңа ауыл ауылдық округіне шекаралас орналасқан Ер-Қосай көшесінде егістік жерлерді суғару кезінде тұрғын үйлерді су басу қауіпін болдырмау мәселелері талқыланды. Арық-атыздардың үстіне салынған құрылыс нысандарын бұзып, тиісті тазалық жұмыстарын жүргізу, су қашырту жүйелерін қалпына келтіру тапсырылды.