Еліміздің 16 облысы мен 3 қаласынан келген 1300-ге жуық мықты спортшылар спорт сарайының ортасымен жүріп өтті.
ERNUR.KZ. Алматыда Қазақстан Республикасы V қысқы спартакиадасының салтанатты ашылуы өтті, деп жазады ҚазАқпарат.
«Алматы Арена» спорт сарайында өткен спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімінде ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев құттықтау сөз сөйледі.
«Сіздер білесіздер, спартакиада төрт жылда бір рет өтеді. Бұл төртжылдықтың басты жарысы - Олимпиада ойындарының алдында спорт түрлері бойынша ұлттық құрамаға іріктейтін ірі кешенді іс-шара. Спартакиаданы алғаш рет бір қалада, бір жерде өткізуге мүмкіндігіміз бар екені қуантады. Ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді», - деп құттықтаған ол Қазақстан Республикасының V қысқы спартакиадасын ашық деп жариялады.
Сондай-ақ, алматылықтар мен спортшыларды Алматы қаласы спорт басқармасының басшысы Рүстем Байсеитов, ҚР ҰОК спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов құттықтады.
Осыдан соң еліміздің 16 облысы мен 3 қаласынан келген 1300-ге жуық мықты спортшылар спорт сарайының ортасымен жүріп өтті.
Келесі кезекте спортшылар атынан конькимен жүгіруші Құдайберген Теміржанов:
«Біз әділдік және теңдік рухындағы ережелерді құрметтей және сақтай отырып, Спартакиадаға қатысуға уәде береміз», - деп ант берсе, әділқазы алқасы атынан шаңғыдан жоғарғы санатты төреші Әбілқайыр Нұрқанов жарыстың әділ өтуіне ант берді.
Салтанатты шара өнер жұлдыздарының қатысуымен мерекелік бағдарламаға ұласты.
Еске сала кетейік, V қысқы спартакиаданың ашылу салтанатының алдында баспасөз мәслихаты өткен болатын.