Әпкесі көмекке шақырған: Талғар тұрғыны байқамай жездесін өлтіріп алды

0
1 117

Пышағын сермей бастаған жездесін тыныштындыруға тырысқан балдызы амалсыз соққы жасаған.


Әпкесі көмекке шақырған: Талғар тұрғыны байқамай жездесін өлтіріп алды

ERNUR.KZ. Ішкі істер министрлігі өткен тәулікте болған қылмыстарға шолу жасады, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Министрліктің ресми өкілі Нұрділдә Ораздың айтуынша, елімізде бірнеше қылмыс жасалған. Мәселен, Алматы облысындағы Талғар ауданының Кеңдала кентінде ер адам дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген. Бірақ дәрігелер оны ажалдан құтқара алмады. Тергеу кезінде ол адамның жарақатты қалай алғаны анықталды.

"Қайтыс болған ер адам мас күйінде жұбайына ұрына бастаған кезде қауқарсыз әйел көмекке өз інісін шақырған. Балдызын көрген жездесі одан сайын арқаланып, қолындағы пышағын сермей бастаған көрінеді. Оны тыныштындыруға тырысқан балдызы амалсыз соққы жасағанын айтып отыр. Жәбірленуші жерге құлап, басынан қатты жарақат алса керек. Оның үстіне соққы жасаған азамат кезінде бокспен айналысқан екен", - дейді Ораз.

Оның айтуынша, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тиісті сараптама тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Ал Өскеменде қарақшылық шабуыл жасалды. Бұрын сотталған адам мас күйінде жекеменшік үйге кіріп, иесін пышақпен қорқыту арқылы зергерлік бұйымдар мен бағалы заттарды ұрлап кеткен.

"Қаскүнем жәбірленушінің жеңіл автокөлігін де айдап кетпекші болған. Алайда ойы жүзеге аспады. Ол көлікті басқара алмай, жолда аударылған. Полиция күдіктіні ұстап, уақытқа ұстау абақтысына қамады", - деп атап көрсетті Ораз.