Қазақстандықтардың пікірінше, билік "балаларды кибербуллингтен қорғаймыз" деген желеумен әлеуметтік желілерді шектейтін заңды қабылдап жібермек.
ERNUR.KZ. Сенат депутаттары 14 сәуірде баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері туралы заң жобасын қарайды, деп жазады sputnik.kz.
Бұл құжат балаларды кез келген зорлық-зомбылықтан, оның ішінде отбасылық қатынастар, білім беру және ақпарат салалары бойынша қорғау тетіктерін жақсартуға арналған. Алайда заң жобасы қоғамда дау туғызды: көптеген қазақстандық бұл заң болашақта әлеуметтік желілерді бұғаттауға және сөз бостандығын шектеуге мүмкіндік береді деп есептейді.
Сенат спикері Мәулен Әшімбаев балаларды буллингтен және кибербуллингтен қорғау маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.
"Бұл заң жобасының кейбір нормалары қоғамда қызу талқыланғанын жақсы білемін. Кез келген заң жобасын талқылау кезінде халықтың осындай белсенділігі үлкен маңызға ие. Қазіргі таңда сенаторлар ұсынылған нормаларды мұқият зерттеп, барлық пікірді ескеріп, жұмыс істеп жатыр. Басты міндет – балалардың құқығын қорғайтын сапалы заң қабылдау. Бұл ретте қоғамның пікірін елеусіз қалдыруға болмайтыны сөзсіз. Өйткені заң жобасы "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасына қайшы келмеуі керек", - деді сенат төрағасы.
Бұған дейін мәжіліс депутаттары Айдос Сарым мен Динара Закиева Қазақстанда өз өкілдігін ашпаған шетелдің әлеуметтік желілері мен мессенджерлерінің жұмысын шектеу туралы норма енгізуді ұсынған болатын. Депутаттар соның арқасында кибербуллингпен күресіп, балаларды қорғауға болады дейді.