Биыл 12 наурызда ведомстоваралық комиссия Ashyq қосымшасын пайдалануды тоқтатуға шешім қабылдады.
ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтанда Ashyq қосымшасын әзірлеген мамандарды сотқа берді. Арыз беруші мобильді қосымшаны мемлекетке сыйға тарту шартының заңды күшін жоюды талап етіп отыр. Бұл туралы жобаны әзірлеуге қатысқан Виталий Пустовойтенко хабарлады, деп жазады sputnik.kz.
"Алдымен ұйқысыз түндер, одан кейін жобаны тездетіп әзірлеу мен іске қосу, сосын хейтпен күрес, мемлекетке тапсыру, осымен бәрі бітті ме десем, олай емес екен. Енді, сотқа барып тұру қажет. Оған да уақыт кетеді. Бұл өнім біздікі екенін және оған өз қалауымыз бойынша иелік ете алатынымызды дәлелдеуге тура келетін шығар. Біз сыйға тарту шарты бойынша беруге шешім қабылдадық", - деп жазды Пустовойтенко әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, сотқа арыз түсірген – жеке кәсіпкер. Бірақ оның сотқа не себепті арыз түсіргені әзірше белгісіз.