Астанада вакцинадан бас тартқан мыңнан астам ата-ана өз шешімін өзгертті

0
453

Жыл басынан бері 4 529 ата-ана баласына вакцина салдыртудан бас тартқан.


Астанада вакцинадан бас тартқан мыңнан астам ата-ана өз шешімін өзгертті

ERNUR.KZ. Астанада қызылшаға қарсы вакцинадан бас тартқан мыңдаған ата-ана өз шешімін өзгертіп, баласына екпе салдыртқан. Бұл туралы қаланың бас санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

Ресми мәліметке сәйкес, жыл басынан бері 4 529 баланың ата-анасы вакцина салдыртудан бас тартқан. Олардың арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде 22,9 проценті өз шешімін өзгертті. Дәрігерлер 1038 балаға екпе салып берді.
"Вакцинация қызылша ауруын басқарудың жалғыз және тиімді әдісі болып қала береді. Иммундаудың мүмкіндігінше тиімді болуы үшін вакцинациямен қамту кем дегенде 95 пайызды құрауы керек. Содан кейін ғана иммундау өз нәтижесін береді және осылайша жағдай тұрақтана бастайды деп үміттенеміз", - дейді Бейсенова.
Ал вакцинаны аз адам салса, ұжымдық иммунитет төмен болады. Ауру өршіп тұра береді. Науқаспен байланыста болғаннан кейін де екпе салуға болады.
"Жоспарлы вакцинациядан өзге, бұрын-сонды вакцинация алмаған адамдар сырқаттанған адаммен байланыста болған жағдайда, шұғыл түрде қызылшаға қарсы екпе алуға мүмкіндігі бар. Бұл жағдайда науқаспен байланыста болғаннан кейін 72 сағат ішінде жасалуы керек", - деп атап өтті Бейсенова.
Вакцинаны тұрғылықты мекенжайы бойынша емханадан алуға болады.