Астанада жігітін көлігімен сүйреп өлтірген бойжеткен сотта ақталып шықты

0
780

Істі қайта қарау нәтижесінде бойжеткенге ақтау үкімі шығарылды.


Астанада жігітін көлігімен сүйреп өлтірген бойжеткен сотта ақталып шықты

ERNUR.KZ. Астанада абайсызда кісі өліміне әкеп соққан жанжалдан кейін айыпты болған бойжеткен сотта ақталып шықты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, қызғаныш салдарынан болған кезекті жанжалдан кейін түнгі уақытта ер адам сүйіктісін оның үйінің жанында күтіп тұрған.

Таңғы сағат 5.00 шамасында үйіне келген бойжеткеннің көлігінің алдынан жүгіріп шыққан ол дереу көліктен шығуды талап еткен. Ол қыздан неге кешігіп келкені туралы сұрап, көліктің есігін ашуды бұйырған. Артынша ашуланып, балағат сөздер айтып, ашық тұрған терезе арқылы қыздың мойнынан ұстап, қылғындыра бастайды.

«Өзін қорғау мақсатында бойжеткен көліктің газын басып, жүріп кеткен, ал жанталаса терезеден ұстаған ер адам көлікті жіберместен, біршама қашыққа сүйретіліп барған. Асылып тұрған күйде біраз қашықтықты жүріп өткен ол әлсіреп, жолда құлаған. Жылдамдықпен келе жатып құлағандықтан асфальтқа соғылып, соның салдарынан ер адам ауыр дене жарақатынан көз жұмған», - делінген сот хабарламасында.

Бірінші сатыдағы сотта бойжеткен абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылып, оған бір жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Алайда апелляциялық инстанция қылмыстық құқықбұзушылық белгілерін таппағандықтан, сот алқасы бұл жағдайда қыз ер адамның денсаулығына ауыр зиян келтіру мақсаты болмады деп шешкен. Сондықтан сот бойжеткен өз өмірі мен денсаулығын қорғау үшін әрекет еткен деген қорытындыға келді.

Істі қайта қарау нәтижесінде бойжеткенге ақтау үкімі шығарылды.