Атырау облысында жарты жылда 133 нәресте шетінеген

0
1 033

Өткен жеті айда 56 нәресте туа сала шетінесе, тағы 77 бала ана құрсағында қайтыс болған.


Атырау облысында жарты жылда 133 нәресте шетінеген

ERNUR.KZ. Атырау облыстық перзентханасында жыл басынан бері 133 нәресте шетінеген, деп жазады «Хабар 24».

Бұл облыстық прокуратура органдарының тексеру шаралары кезінде анықталды. Биыл жалпы облыстық перзентханада 5046 сәби дүниеге келген. Өткен жеті айда 56 нәресте туа сала шетінесе, тағы 77 бала ана құрсағында қайтыс болған. Биыл медицина қызметкерлеріне қатысты 5 қылмыстық іс қозғалып, оның екеуіне әлі тергеу-тексеру шаралары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар прокуратура органдарымен біріккен жоба – перзентханаларға сенім телефондары мен тұрғындардың арыз-шағымдарын қабылдайтын жәшіктер орнатылған.

Дәрігерлердің айтуынша, шетінеп кететін сәбилердің негізгі бөлігі салмағы 500-800 грамм болатын шақалақтар. Дегенмен өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өлім-жітім көрсеткіші төмендеген.

– Жыл басынан бері, яғни жарты жылдың қорытындысы бойынша, бала өлімі көрсеткіші 11%-ке төмендеді. Бұл перзентханалардың материалдық-техникасының жаңартылуы, мамандар даярлау ісінің арқасында деп білемін. Менің ойлауымша, бұл шаралар алдағы жылдары жемісін беруі керек. Ал медицина қызметкерлері арасында заңсыздықты болдырмау үшін біз прокуратура органдарымен бірлесіп жұмыс атқарудамыз, - деп айтады облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева.