Турнирдің мақсаты – еліміздің қарулы күштерінде әскери жекпе-жек ұрысын дамыту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері және Атырау қаласының күштік құрылымдары мен облыс спортшыларының арасында әскери жекпе-жек ұрысынан ашық чемпионат өтіп, оған аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов арнайы қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Турнирдің мақсаты – еліміздің қарулы күштерінде әскери жекпе-жек ұрысын дамыту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру. Іс-шарада облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов қатысушыларды құттықтап, сөз сөйледі.
«Жауынгерлік өнер түрлері біздің даламызда ежелден жақсы дамыған.Ұланғайыр кеңістігіміз бетпе-бет келген жауларын жайпаған жаужүрек бабалардың ерлігі арқасында бізге мұра болып қалды. Сол батырларымыздың өнегелі дәстүрін Қазақстанның қарулы күштерінің жауынгерлері мен күштік құрылымдардың қызметкерлері абыройлы жалғастырып келеді. Қоғамның тұрақтылығы мен елдің тыныштығы сондай-ақ шекараның қауіпсіздігі сіздердің қолдарыңызда», - деді М.Досмұхамбетов.
Сонымен қатар өңір басшысы еліміздің армиясын, құқық қорғау органдарын нығайтуға айрықша көңіл бөлініп отырғанын ерекше атап өтті.
«Мемлекет басшымыз жуырда ғана күштік құрылымдарға заманға сай реформа жүргізіп, одан ары дамытуды тапсырды. Себебі, олардың тиімді қызметі мемлекетіміздің біртұтастығы мен азаматтарымыздың қауіпсіздігінің тікелей кепілі. Жауынгерлік руһы биік, айбарлы қорғаушылары бар елде ғана халық алаңсыз бейбіт өмір сүре алады. Сондықтан, Сіздерге әрқашан зор жауапкершілік жүктеледі. Бұл іріктеу жарысында күштеріңіз сыналып, дайындықтарыңыз тағы бір мәрте пысықталады. Сондай-ақ, намыстарыңызды қайрап, қайраттанып шығатындарыңызға сенемін!»,- деді ол.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының жүлдесі үшін «Қазақ жауынгері» турнирінің қорытындысымен 25744 теңіз жаяу әскерлерінің әскери бөлім командасы бірінші орынға қол жеткізді. Ал, 41433 барлау полкі әскери бөлімі екінші орынды, Полиция департаменті командасы үшінші орынды иеленді.
Айта кетейік, жарысқа Ақтау, Атырау, Ақтөбе гарнизондары, Полиция, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Төтенше жағдайлар департаменттері, Шекара қызмет әскерлерінің, сонымен қатар Атырау қаласының спортшылар құрама командалары қатысты.