Атырауда аттракционның әткеншегі үзіліп, балалар жерге құлады

0
774

Аталған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.


Атырауда аттракционның әткеншегі үзіліп, балалар жерге құлады

ERNUR.KZ. Атырау қаласында аттракционның әткеншегі үзіліп, балалар жерге құлады. Аталған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп жазады inform.kz.

Оқиға кеше, 16 шілдеде жергілікті уақытпен сағат 22:30 шамасында болған.

Бұл деректі Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.

Мұнайлы шаһардың тұрғындары кешкі серуен кезінде балаларын аттракционға отырғызған.

Алайда, әткеншек бірден тоқтап, орындықтар бекітілген желі үзіліп кеткен.

«Оқиға болған жерге жедел жәрдем бригадасы шақырылды. Ауыр жарақат алғандар жоқ», - деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Қазір аталған фактіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 141-бабы (Балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау) бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Аттракцион әткеншегінің үзілуінен зардап шеккен балалар жедел жәрдем көлігімен облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Аурухана дәрігерлерінің тексеруінен соң балалар үйлеріне жіберілді.

Аталған аттракцион Жайық өзенінің жағалауындағы Жастар саябағында орналасқан. Соңғы бір жыл бойы тоқтап тұрған «Керемет жағалау» аттракционы биыл іске қосылған.