"Ауыр қылмыс": Қазақстанда қыз алып қашқандарға қатысты жауапкершілік күшейтіледі

0
719

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі қазір тұрмыстық зорлық-зомбылық пен әйелдердің құқығын бұзу мәселелеріне талдау жүргізіп жатыр.


ERNUR.KZ. Адам құқығы жөніндегі уәкілдің бастамасымен Қылмыстық кодекске "Неке қию мақсатында адамды ұрлау" деген 125-1-бапты енгізу туралы ұсыныс жолданды, деп жазады zakon.kz.

"Адам құқығы жөніндегі уәкілдің бастамасымен Қылмыстық кодекске «Неке қию мақсатында адамды ұрлау» деген 125-1 бапты енгізу туралы ұсыныс жолданды. Ол әйелдерге қатысты қылмыс деңгейін төмендетуге мүмкіндік беретін ескерту әсерін тигізеді деп сенеміз. Бас прокуратура Омбудсменнің Қылмыстық кодекске 125-1-баптың жеке бөлігін енгізу туралы ұсынысын қолдады", - делінген Адам құқықтары жөніндегі уәкіл хабарламасында.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі қазір тұрмыстық зорлық-зомбылық пен әйелдердің құқығын бұзу мәселелеріне талдау жүргізіп жатыр. 736 миллион әйел физикалық және басқа да зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Оның 640 миллионнан астамы (87%) - 15 жастан асқан қыздар мен әйелдер.

"Тек кейінгі екі жарым жылда елімізде үйдегі агрессорлар 300 адамның өліміне себепкер болды. Денсаулыққа ауыр зиян келтірген 913, ал денсаулыққа орташа зиян келтірген 837 жағдай тіркелді. 37 мыңнан астам адам түрлі жауапкершілікке тартылды. Тұрмыстық зорлықтың негізгі себептері әлеуметтік-экономикалық факторлар және қоғамдағы гендерлік стереотиптер десек артық айтқанымыз емес. Мәжбүрлі некеге тұрған қыздардың серіктестерінің жыныстық, физикалық және психологиялық зорлықтың құрбаны болуы да белең алып барады. Көбіне мәжбүрліп неке құрған қыздарды білім мен мамандық алу мүмкіндігінен айырады. Бұл олардың тәуелді және осал жағдайын одан сайын нашарлатады", дейді Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.

Уәкілдің сөзінше, некеге тұру үшін қыздарды ұрлау тәжірибесі елемізде, әсіресе оңтүстік аймақтарда жиі кездеседі. Кей жағдайда мұндай әрекеттер жыныстық тұтастықты бұзуға, ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлауға, заңсыз бас бостандығынан айыруға және тіпті өзіне қол жұмсауға да әкеледі.


"Ұлттық дәстүр, әдет-ғұрыптар сынды стереотиптерді басшылыққа алып, аталған оқиғалар жайында хабарламау жағдайды ушықтырып барады. Жастар қылмыстық жауапкершілік туралы білмейді. Бұл - ауыр қылмыс, адамның жеке басына қол сұғу мен бостандық құқығын өрескел бұзу екенін түсінбейді", - дейді Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.

Адам ұрлаумен байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды талдау көрсеткендей, 2019 жылдан бастап қазірге дейін аталған санаттағы 214 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл ретте некеге тұру мақсатында қыздарды ұрлау бойынша нақты статистика жоқ. Өйткені Қылмыстық кодексте мұндай құқық бұзушылықтың жеке құрамы көрсетілмеген.

2019 жылдың шілдесінде БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі жалпы жазасыздық пен есеп берудің жоқтығына алаңдаушылық білдіріп, балалар, ерте және мәжбүрлі неке туралы A/HRC/RES/41/8 қарарын қабылдады. 2018 жылғы 17 желтоқсанда қабылданған қарарда БҰҰ Бас Ассамблеясы 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму саласындағы күн тәртібінде көзделген балалар, ерте және мәжбүрлі некелерді жою мақсатында тиімді шаралар қабылдауға шақырады. Ұрлау және мәжбүрлі неке тәжірибесін жою, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және әйелдер мен қыздардың құқықтарын зорлық-зомбылықтан қорғау барлық мемлекеттік және қоғамдық институттардың назарында болуы керек.

"Қазір ұлттық құқық қорғау мекемесі қылмыстық заңнамаға бірқатар түзетулер, атап айтқанда жеке бапты енгізуді және жәбірленуші өз еркімен босатылған жағдайда қылмыскерді қылмыстық жауаптылықтан босатуды көздейтін Қылмыстық кодекстің 125-бабына ескертпені алып тастауды қарастырып жатыр. Орталық Азия елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан қылмыстық заңнамаларында әйелдерді некеге мәжбүрлеп тұрғызу мақсатында ұрлау туралы жеке бап бар", - делінген хабарламада.