Қазақстанда терроризмге қарсы «бірыңғай дабыл түймешегі» болады

0
1 233

ҚР Терроризмге қарсы орталық штаб басшының орынбасары Герман Диденконың айтуынша, бүгінде республика бойынша 16 мың нысанның террористік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыру қажет.


Қазақстанда терроризмге қарсы «бірыңғай дабыл түймешегі» болады

Астанадағы «KADEX-2018» көрмесі аясында терроризмге қарсы орталықтың мамандары алдағы жоспарымен бөлісті. Соның бірі - «бірыңғай дабыл түймешегі» жүйесін іске қосу, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2016 жылы Алматы мен Ақтөбеде болған оқиғалардан кейін терроризмге қарсы «бірыңғай дабыл түймешегі» деген бастама қолға алынды. Бүгінде ішкі істер органдарына қарасты барлық мекемелерді аталған жүйеге қосу шаралары аяқталып жатыр. Бұл - бастапқы кезең. Екінші кезеңде мемлекеттік органдардың кезекшілік бөлімдерін де бір жүйеге қосу мәселесі қаралатын болады. Ал үшінші кезеңде жергілікті атқарушы органдарға қарасты мекемелер «бірыңғай дабыл түймешегіне» қосылады», - дейді орталық мамандары.

ҚР Терроризмге қарсы орталық штаб басшының орынбасары Герман Диденконың айтуынша, бүгінде республика бойынша 16 мың нысанның террористік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыру қажет.

«Бірыңғай дабыл түймешегін» басқанда барлық нысандар террористік қауіп жайында білетін болады. Әрине, ол үшін бәрін бір жүйеге қосу қажет», - дейді Г.Диденко.

Айта кетейік, V халықаралық «KADEX-2018» қару-жарақ пен әскери теxника көрмесі аясында терроризмге қарсы орталық, өрт қауіпсіздігі мен төтенше жағдайлар қызметтері кәсіпкерлермен кездесіп, өз жоспарларымен бөлісті. Қазіргі заңнаманы жан-жақты түсіндіріп, бизнесті қоғамдық қауіпсіздік саласындағы шараларға қатысуға үндеді.