Бұл туралы апелляциялық сот барысында марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді мәлімдеді.
ERNUR.KZ. Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты 4 жылға сотталған Бақытжан Байжановтың қорғаушысы сот отырысы кезінде TikTok желісінде тікелей эфир жүргізу арқылы қосымша табыс тапқан, деп жазады stan.kz.
Бұл туралы апелляциялық сот барысында марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді мәлімдеді. Ол Байжановтың адвокаты Әлібек Секеров сотта сотталушының мүддесін қорғағаны үшін ғана ақы алып қоймай, желі арқылы да ақша тапқанын айтқан.
"Егер Секеров туралы айтатын болсақ, ол судьяның рұқсатынсыз TikTok-та тікелей эфирге кіріп, сол арқылы ақша тапқан. Артынша судья оған тікелей эфир жүргізуге тыйым салды", – дейді марқұмның ағасы.
Ол сондай-ақ қорғаушылардың қоғамдық наразылық үкімге кері әсер етуі мүмкін деген шағымдары туралы айтты.
"Әу бастан-ақ қоғамда наразылық болды. Тараптардың ешқайсысы істі ашық талқылауға қарсы болған жоқ. Сондықтан, енді бұл істің ашық түрде өтуі сот шешіміне әсер етті деп айтуға болмайды. Бұл туралы басында ашық сот талқылауын талап еткенде ойлану керек еді", – деді Айтбек Амангелді.