Батыл, айбынды, ақылды әрі дана адам болған Баян туралы деректер Үмбетей мен Тәтіқара секілді ақын-жыраулар шығармаларында, Ш.Уәлиханов еңбектерінде, М.Жұмабаевтың поэмасында айтылады.
ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлдың үкімет басшысына жолдаған маңызды депутаттық сауалына Асқар Мамин тұщымды жауап берді, деп жазады Skifnews.kz.
Ақпан айында Бақытбек Смағұл Мәжілістің жалпы отырысында Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданы аумағында, еліміздің Ресеймен шектесетін мемлекеттік шекарасында орналасқан ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің 2032 әскери бөлімінің "Қарақоға" шекара заставасының "Батыр Баян атындағы шекара заставасы" болып өзгерсе деп ұсыныс айтқан болатын.
"Азаттық жолында арпалысқан, бүкіл өмірін Қазақ хандығының саяси және аумақтық тұтастығын қорғауға арнаған, елдіктің туы еңкеймеуі үшін жанын құрбан еткен хас батырлардың бірі – Баян батыр. Баян Қасаболатұлы 1714 жылы, қазіргі Солтүстік Қазақстан өңіріндегі Мағжан Жұмабаев ауданы аумағында дүниеге келді. Батыл, айбынды, ақылды әрі дана адам болған Баян туралы деректер Үмбетей мен Тәтіқара секілді ақын-жыраулар шығармаларында, Ш.Уәлиханов еңбектерінде, М.Жұмабаевтың поэмасында айтылады. Ресейдің Омбы және басқа да мемлекеттік мұрағаттарында Баянға қатысты тарихи құжаттар сақталған", – деп жолдаған болатын сауалын депутат.
Депуттатың сауалына мемлекеттік орган бір айдың ішінде жауап беруге міндетті. Премьер-министр Асқар Мамин бұл ұсыныс тиісті органдар тарапынан қолдау тауып отырғанын айтты.
"Сіздің бұл депутаттық сауалыңыз тиісті мемлекеттік органдармен жан-жақты пысықталып, мынаны хабарлаймыз. ҚР ұлттық қауіпсіздік комитеті, ономастика саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган мен Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі ұсынысыңызды қолдайтынын білдірді. Осы ұсынысты жүзеге асыру мақсатында алдағы уақытта тиісті құжаттар әзірленіп, ҚР президенті әкімшілігіне және ҚР үкіметінің жанындағы республикалық ономастика комиссиясының қарауына ұсынылады. Аталған мәселе бойынша оң қорытынды алынған жағдайда, ҚР үкіметінің тиісті шешімі қабылданатын болады", - деді Асқар Мамин.