БАСПАНА, МЕКТЕП, МЕДИЦИНА – Ұлттық жоба Қарағандыда қарқынды жүргізіліп жатыр

0
362

Біршама уақыт бұрын «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобаны іске асыру жұмыстары қолға алынған еді.


БАСПАНА, МЕКТЕП, МЕДИЦИНА – Ұлттық жоба Қарағандыда қарқынды жүргізіліп жатыр

Еліміздің әр өңірін дамыту күн тәртібінен түскен емес. Осы орайда біршама уақыт бұрын «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобаны іске асыру жұмыстары қолға алынған еді. Бірнеше министрлік біріге дайындаған жобаның негізгі мақсаты – әрбір өңірдің даму көрсеткішін, экономикасын ілгерілетіп, мемлекет басшысы ұстанған «тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын құру» саясатын іске асыру. Тиісінше, ел бюджетінен қаржы бөлініп, бүгінде жоспарланған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы орайда Қарағанды облысында атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасамақпыз.


БАСПАНА – БАСТЫ МӘСЕЛЕ


"Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасында азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуге арналған "Жайлы тұрғынүй" бағыты қарастырылған. Аталған бағыт бойынша 2021 жылдың қорытындысымен Қарағанды облысында жалпы көлемі 582,0 мың шаршы метр тұрғынүй пайдалануға берілген. Тиісінше, бұл 2020 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 129,6 пайызды құраған. Пайдалануға берілген баспаналардың 63 пайызы – коммерциялық тұрғынүйлер санатына жатады. Яғни тұрғынүй саласына тартылған жеке инвестициялар есебінен салынған. Қалған 23 пайызы жеке тұрғын үй құрылысының қатарына жатса, 14 пайызы мемлекеттік пәтерлер. Ал, 2022 жылы Қарағанды облысында 600 мың шаршы метр тұрғынүйді пайдалануға беру жоспарланған. Бұл өткен жылғы көрсеткішке қарағанда 3,1 пайызға артық. Демек Қарағанды облысында баспана құрылысы бойынша өсім байқалып, тұрғынүй бағдарламалары іске асырылып жатыр деген сөз.

Мәселен, Қарағанды облысында бірнеше күн бұрын ғана «Республика күні» мерекесіне орай аз қамтылған отбасыларға мен жетім балаларға баспана берілді. Пәтерлер берілген Абай ауданына қарасты Дубовка ауылдық округінде 4 мыңға жуық халық қоныстанған. Тиісінше, осы уақытқа дейін бұл аумақта баспана мәселесі өте өзекті болып келген. Себебі, мұндағы өндіріс орындары мен шахталарда жұмыс істейтін адам өте көп. Жергілікті әкімдік бұл жағдайды шешу үшін аудандық бюджеттен қаржы бөліп, қараусыз қалған көпқабатты үйлердің бірін қалпына келтірген.


Сондай-ақ, биылғы жылдың көктемінде қарағандылық кеншілерге жеңідетілген ипотека бойынша сертификат берілген еді. 5 жылға жоспарланған бағдарламаның алғашқы жылында кем дегенде 120 кенші мен метталургқа баспана сертификатын тапсыру жоспарланған. Бұл бағдарламаның мөлшерлемесі 5 пайызды ғана құрайдыекен. Тиісінше, жеңілдетілген бағдарлама аясында 600-ден астам кенші мен металлург баспанаға қол жеткізбек. Айта кетсек, ипотека қатысушылары бастапқы немесе қайталама нарықтан баспананы өздері таңдап алады. Үйдің құны 15 миллион теңгеден аспауы тиіс. Несие мерзімі 19 жылға дейін ұзартылған.


Тағы бір айта кетерлік жағдай – өткен жылы Қарағанды облысында Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде тұрғын үй құрылысын салу көрсеткіші алғаш рет рекордтық көрсеткішке жеткен. Сөйтіп, облыс баспана салу бағыты бойынша елімізде көш бастаған. Атқарылған жұмыстар аясында өңірдегі біршама уақыттан бері игерілмей тұрған жерлерде құрылыс жүріп, тұтас ықшам аудандар салынған. Жалпы, Тәуелсіздің алғаннан 2021 жылға дейінгі аралықта Қарағанды облысында 7,8 миллион шаршы метрге жуық баспана салынып, 80 мыңнан астам отбасы пәтер кілтін қолына ұстаған.



«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» – БАЛАЛАР ҚУАНЫШЫ


"Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы өңірлердегі халыққа қолайлы өмір сүру ортасын құруды көздейді. Осы орайда бағадарлама шеңберінде Қарағанды облысында 2021 жылы да, 2022 жылы да 2 мектептен бой көтерді.

Мәселен, жыл бастала салысымен Қарағанды облысы Шет ауданына қарасты Киікті ауылында 150 оқушыға арналған жаңа мектеп ашылды. Білім ұясы апаттық жағдайда тұрған ғимараттың орнына салынған. Екі блоктан тұратын білім беру нысаны заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталған. Онда 17 оқу кабинеті, кітапхана, шеберханалар, лингафонды-мультимедиялық сынып, асхана, спорт залы мен медициналық кабинет бар.


Жалпы, Қарағанды облысын дамыту мақсатында «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырыла бастаған. 2025 жылдың соңына дейін ұлттық жоба шеңберінде өңірде 17 мектеп салу жоспарланып отыр. Атап өтсек, 2023 жылы Қарқаралы ауданына қарасты Талды ауылында 200 орындық жаңа мектеп ашылады. Ал, 2024 жылы Қарағанды, Шахтинск, Приозерск, Бұқар Жырау және Шет аудандарында он бірдей мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған. Қалған алты нысанды жүзеге асыру 2025 жылға қарастырылып отыр. Сонымен қатар, қара алтынға бай облыста мектепке дейінгі білім беру саласына да ерекше назар аударылып келеді. Тиісінше, 2025 жылға дейін 9 мыңға жуық бүлдіршінді қамтуға қабілетті бірнеше балабақша ашылмақ. Одан бөлек, облыста техникалық және кәсіптік білім беру және еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандарды даярлау жұмыстары қарқын алады. Колледждерде дуальді оқыту дамытылып, мамандарды жұмысқа орналастыру қызметтері көрсетілмек.



ХАЛЫҚТЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫН САҚТАУ – МЕМЛЕКЕТТІҢ МАҢЫЗДЫ МІНДЕТІ


Сондай-ақ, 2022 жылы Қарағанды өңірінде 200 төсек-орынға лайықталған 1 аурухана мен 6 ФАП-ауылдық амбулаториялық пункттер салынды.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, Қарағанды облысына қарасты 92 ауылда денсаулық сақтау нысандарын салу жоспарланып отыр. ФАП-тар тез тұрғызылатын ғимараттардың жаңа технологиялары бойынша орындалады. Оған қоса, мамандандырылған орталықтары бар екі ауданаралық аурухана салу жобасы даярланған. Оларды Балқаш пен Теміртауда қызмет көрсетіп тұрған көпбейінді ауруханалар базасында құру жоспарланып отыр.Мамандандырылған бөлімшелер – инсульт, кардиологиялық, перинаталдық орталықтарды, оңалту, травматология, хирургия бөлімшелерімен жабдықталмақ. Бұл мамандандырылған медициналық көмек алғысы келген ауыл тұрғындарын облыс орталығына бару қажеттілігінен арылтады деп жоспарланып отыр. Оның үстіне, екі қала да республикалық автокөлік жолының бойында орналасқандықтан, жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен азаматтар тезірек жеткізіліп, жедел көмек көрсетілетін болады.


Бүгінгі таңда Қарағанды облысында 7 орталық аудандық аурухана, 59 отбасылық-дәрігерлік амбулатория, 40 ФАП пен 150 медициналық пункт ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсетіп келе жатыр. Тағы бір айта кетерлігі – қазіргі уақытта медициналық нысандарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кезең-кезеңімен медициналық жабдықтар жаңартылып жатыр.


ERNUR.KZ