Баспанаға мұқтаж отбасыларға пәтер жалдау ақысы 80 пайызға дейін субсидияланбақ

0
2 649

2020 жылдан бастап «Шаңырақ» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы бойынша 18 мың өтінім келіп түсті. Оның ішінде бүгінгі күні 6,7 мыңға жуығы мақұлданды.


Баспанаға мұқтаж отбасыларға пәтер жалдау ақысы 80 пайызға дейін субсидияланбақ

ERNUR.KZ. Елімізде баспанаға мұқтаж отбасыларға жеке тұрғын үй қорындағы жалдау ақысын мемлекеттік қаражат есебінен 80 пайызға дейін субсидиялау жоспарланған. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрінің жауабында айтылған, деп жазады ҚазАқпарат.


«Бүгінгі күні «Шаңырақ» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы пилоттық режимде (2020-2022 жылдары) іске асырылып жатыр. Оған тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған азаматтар ғана, яғни жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған адамдар қатыса алады. 2020 жылдан бастап осы бағдарлама бойынша 18 мың өтінім келіп түсті. Оның ішінде бүгінгі күні 6,7 мыңға жуығы мақұлданды», - деді Асқар Мамин.


Оның атап өтуінше, «Шаңырақ» бағдарламасы аясында ипотека бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5 пайызды құрайды және бұл ең төмен мөлшерлемелердің бірі болып табылады. Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын талаптардың бірі - еңбек қызметінен түсетін табыстың болуы (отбасының әрбір мүшесіне ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,7 еселенген мөлшерінен аспайтын). Бұл талап аса мұқтаж кезекте тұрған адамдарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында белгіленген.


«Ипотекалық кредит беру қаржы институттары үшін жоғары тәуекелді құралдар болып саналады. Қарыз алушының еңбек қызметінің кірістері бойынша төлем қабілеттілігін бағалау міндеттемелерді уақтылы орындау үшін кепілгер болып есептеледі және қаржы институттарының кредиттік портфеліндегі қарыздардың «жұмыс істемейтін» тәуекелдерін болдырмайды. «Шаңырақ» пилоттық жобасын іске асыру үшін «Отбасы банк» АҚ қаражатын Ұлттық банк қайтарымды және ақылы негізде ұсынды. Бұл өз міндеттемелерін орындауға қабілетті қарыз алушыларды іріктеуді талап етеді. Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, кірістерді құжаттық растаусыз азаматтардың төлем қабілеттілігін тексеру мүмкін емес», - деді ол.


Сонымен қатар Үкімет басшысы қазіргі уақытта кезекте тұрған адамдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін тиімді шешу мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен отбасының әрбір мүшесіне 1 ең төменгі күнкөріс деңгейіне дейінгі табысы бар мұқтаж кезекте тұрған адамдар үшін жеке тұрғын үй қорында жалдау ақысын субсидиялау тетігін енгізу мәселесі пысықталып жатқанын айтады.


«Осылайша, жеке тұрғын үй қорындағы жалдау ақысын мемлекеттік қаражат есебінен 80 пайызға дейін субсидиялау жоспарланған. Мысалы, нарықта жалдау ақысы 100 мың теңге болған жағдайда, 1 ең төменгі күнкөріс деңгейіне дейінгі табысы бар кезекте тұрған адамдарға ай сайын жалдау ақысы есебіне 80 мың теңге көлемінде субсидия беріледі. Сондай-ақ заңнамаға қажетті түзетулер қабылданғаннан кейін «Отбасы банк» АҚ орталықтандырылған түрде тұрғын үйге мұқтаж адамдарды кезекке қоюды және есепке алуды жүзеге асыратын, сондай-ақ «қолжетімділік сатыларына» сәйкес кезекте тұрған адамдар үшін тұрғын үйді басым түрде ұсынатын болады»,- деді Асқар Мамин.


Премьер-Министрдің атап өтуінше, ол үшін әрбір өтінімге кірістерді, мүлік пен активтерді ашатын отбасының цифрлық портреті қалыптастырылады. Осылайша, бұл тәсіл халық үшін мемлекеттік қолдаудың атаулығын қамтамасыз етуге және тұрғын үй алуға мұқтаж адамдардың барлық санаттарын қамтуға мүмкіндік береді.