Онкологиялық ауруханада жұмыс істеген Наурызбек Тұрсынов өткен дүйсенбіде түн ішінде телефонына қоңырау келген соң, үйінен асығыс шығып кеткен екен.
ERNUR.KZ. Қызылорда қаласында 31 жастағы медицина қызметкерінің мәйіті табылды. Ал туыстары марқұмға бірнеше адам жабылып, басынан оқ атқан дейді, деп жазады stan.kz.
Марқұмның жақындарының айтуынша, қылмысқа қатысы бар адамдар әлі бостандықта жүр. Марқұмның қазасына үш күн өтсе де, тергеушілерден бірде-бір хабар жоқ екен. Тергеу әділ жүріп жатқанына күмәнданған отбасы талаптарын айтып, полиция басқармасына барған.
Онкологиялық ауруханада жұмыс істеген Наурызбек Тұрсынов өткен дүйсенбіде түн ішінде телефонына қоңырау келген соң, үйінен асығыс шығып кеткен екен. Ол содан кейін үйіне қайта оралмапты. Ер адамның туыстары полицейлерге хабарласып, өздері іздеуге кіріскен. Соңында асқан қатыгездікпен өлтірілген медицина қызметкерінің мәйітін қала шетіндегі арнаның жағасынан тапқан екен.
"Қазір келеді деп жаттым. Сағат 4 болды. Тұрсам, қасымда жоқ. Мына кісі әлі келмеген бе деп, машинасына қарадым. Машинасы ол жоқ. 4-5 адамды жалдаған. Басынан екі оқпен атқан. Асқан қатыгездікпен өлтіргенімен қоймай, қасындағы каналға лақтырып кеткен денесін", - деді марқұмның жұбайы Ұлпан Нұрлыбаева.
Қара жамылған отбасы Наурызбекті өзінің таныстары өлтіргенін айтып отыр. Сөздерінше, марқұм өзіне жақын адам санайтын жігітпен соңғы күндері ақшаға байланысты біраз түсінісе алмай жүрген. Сондықтан 31 жастағы азаматтың өліміне осы келіспеушілік себеп болды деп ойлайды екен.
"Бірнеше адам, жоқ дегенде 4-5 адамның қатысы бар. Сол адамдардың бәрінің табылып, қатаң жазамен сотталуын талап етеміз", - деді марқұмның әкесі Асылхан Дауылбеков.
Жәбірленушілер тергеудің әділ жүріп жатқанына да күмәнданатынын айтты. Себебі тергеушілер марқұмның жақындарынан бірде-бір рет келіп жауап алмапты. Сондықтан наразылық білдірген отбасы полиция басқармасына өздері келіп талаптарын айтты.
"Қылмыстық іс қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігімен (Кісі өлтіру) іс тіркелді. Аса ауыр қылмыс. Екі адам осы іспен қамауға алынды. Қалған мәліметтер қылмыстық процестік кодекстің 2-бөлігіне сай сіздерге жария етілмейді", - дейді Қызылорда қалалық полиция басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Табынбай.
Марқұмның жақындары істің ақ-қарасы анықталып, кінәлілер қатаң жазаланса дейді. Айта кетейік, Наурызбек Тұрсыновтың артында жары мен кәмелет жасына толмаған үш баласы қалды.