Атқарылған жұмыстар туралы жалған акті жасалып, бөлінген қаражат ұрланған.
ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы Жәңгір хан атындағы Аграрлық-техникалық университетінің ғылыми қызметкерлерімен қаражат жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастаған, деп жазады zakon.kz.
Бұл туралы Бас прокуратураның ресми өкілі Дархан Дүйсембай баяндады.
Оның айтуынша Ғылым және жоғарғы білім министрлігі аса қауіпті аурулардың таралуы тақырыбында ғылыми зерттеулер жүргізу үшін аталған университетке 55 млн. теңге бөлген.
Зерттеу нәтижелері халықаралық конференцияларда талқыланып, содан кейін патенттелуі керек еді.
Алайда университет ғылыми зерттеу жұмыстарын формальды жүргізген және патент алмаған.
Бұған қарамастан атқарылған жұмыстар туралы жалған акті жасалып, бөлінген қаражат ұрланған.
Прокуратураның тапсырмасы бойынша қылмыстық істі Экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеуде.