Қазір шекара сыртындағы студенттер шарасыз күйде. Себебі кейбірінің жол ақысын төлеуге қалтасы көтермейді.
иллюстрациялық фото
ERNUR.KZ. Қазақ агротехникалық университеті Беларусь Республикасындағы студенттерін елге еркінен тыс қайтармақшы. Ал ата-аналар, ол жақта коронавирустың жағдайы тұрақты деп отыр. Тіпті студенттердің де елге қайтуға құлшынысы жоқ. Алайда университет басшылығы- шетелдік білім ошағына жұмсаған қаражатты қайтарып алған, деп жазады astanatv.kz.
Қазір шекара сыртындағы студенттер шарасыз күйде. Себебі кейбірінің жол ақысын төлеуге қалтасы көтермейді. Баласын шетелге жіберіп, шарасыздыққа шалынғандардың бірі Азиза Ысқақова. Ұлы Белорусь еліне академиялық ұтқырлықпен оқуға түсті. Алайда қуанышы ұзаққа созылмапты. Жалғызбасты ана жат жердегі ұлын қалай елге қайтарарын білмей дал. Жолына қаражаты жетпейді дейді.
"Балаларымыз ол жақта бір ай ғана болды. Университет тарапы қайтарып жатыр. Бірақ ата-аналар қарсымыз. Себебі ол жақтағы жағдай тұрақты. Балаларымызға да оқу ұнайды. Оқу мерзімі аяқталғанша сол жерде білім алғысы келеді. Енді бізден бір ғана өтініш бар. Оларды оқуын аяқтағанша қалдыру, немесе елге қайтаруға қол ұшын берсе екен" - дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Азиза Ысқақова.
"Министрліктің тапсырмасы бойынша, барлық оқу орындар сыртта жүрген студенттерін өздеріне қайтарып алуы керек. Тек оқу қашықтықтан оқыту бағыты бойынша жүргізіледі" - С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің баспасөз хатшысы Бердібек Хамай.
Ал, түсірілімнен бас тартқан академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры ата-аналардың сауалына жарытып жауап бермеген. Тіпті көмек те көрсете алмайтынын айтқан.
"Біз балалармен де, сол жақтағы университет басшылығымен де сөйлестік. Қазіргі басты мәселе - оларды елге жеткізу. Ол ең алдымен ата-аналар сіздердің құзырларыңызда. Ал оқу қашықтықтан өткізілетін болады" - С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің департамент директоры Нұрлан Серікбаев.
Базыналы ата-аналардың сауалымен білім министрлігіне жүгіндік, құзырлы ведомство мамандары жауап беруден бас тартты. Студенттер әу-бастағы келісім бойынша, шілдеге дейін оқуы тиіс болған. Беларусьтегі студенттердің елге қалай жетері әзірге белгісіз. Белгілісі наурыздың 12-сіне дейін олар осында оралуы тиіс.