«Анау ананы бүйтіп жіберіпті», «бүйтем депті», «мен сені бүйтіп жіберемін» деп алақанымен жұдырығын ұрғылаған азғындық енді киноға жетіпті.
Белгілі журналист Арман Сқабылұлы өзінің фейсбуктағы парақшасында продюсер әрі тележүргізуші, соңғы кезде өзін актер ретінде сынап жүрген Нұрлан Қоянбаевтың «Бизнес по-казахский в Африке» атты фильміндегі анайы іс-әрекетттеріне қатысты пікірін білдіріп, мұны деградация деп атады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
«БҰЛАР ҚАШАНҒЫ «БҮЙТІП ЖІБЕРІП» ЖҮРЕ БЕРЕДІ?
«Бала кезімізде «бүйтіп жіберу" дегенді бұзақы балалардан үйреніп, үйге келгенде қайталап, әкемізден оңбай шапалақ жегенім бар. Ол әркімнің –ақ басынан өткен шығар...Білмеймін, қазақ баласы үшін ең азғын, ең ұятсыз ишарат /жест/ -осы «бүйтіп жіберу». «Анау ананы бүйтіп жіберіпті», «бүйтем депті», «мен сені бүйтіп жіберемін» деп алақанымен жұдырығын ұрғылаған азғындық енді киноға жетіпті.
Өз басым әншісі бар, әнші емесі бар, жалпы өзім тұратын елде түсірілген фильмдерді көруге тырысамын. Өзім үшін. Көңілім толмаса да, көркемдігі онша болмаса да...Ол өте қажет! Бүгінгі көрермен қандай киноны ұнатады, ақшасын қандай туындыдан аямайды дегендей...Өткенде Ерке Есмаханның «Махаббат кафесін» көргенмін. Керемет дей алмаймын, бірақ, бір көруге болатын кино. Актерлары да тәп-тәуір. Сюжеті жақсы, оқиғасы жылы.
Кеше Нұрлан Қоянбаевтың әйгілі «Бизнес по-казахскийінің» үшіншісіне бардым. Әшейінде үш-төрт адам шоқиып отыратын зал лық толды. Көпшілігі- балаларын жетектеген қазақтар. Сценарий мүлдем жоқ, болса сол КВН-да жыртыңдап айтылған арзан әзілдердің өңін айналдыра салған үзінділері. Оқиғасы ешқандай логикаға келмейді. Келсе, айдалада танысқан негрдің сөзіне алданып екі қазақ сөмке арқалап...иә, сөмке арқалап Африка асып кетер ме еді? Диалогтарын тыңдап ,қор болған тілді ойлап еңіреп жылағың келеді. Құрысыншы, оған да көндік. Бұларға «тәйт» дейтін ешкімнің жоқтығына көз үйренген. Мәдениет саласы басшыларының өзі «олар өз ақшасына түсірген, ештеңе дей алмаймыз» деп отырса. Ең сорақысы әлгі екі қазақ Африкада сөмкелерін арқалап, шәй ұрлап жүргенде болды. Олар қолға түседі. Құтқарып алуға Қоянбаевтар келеді. Екі арадағы келіссөздер кезінде африкалық тайпаның көсемі біздің ыржақайға «бүйтіп жіберемін» деп алақанымен жұдырығын періп келіп қалады. Ыржақай шошып кетеді/бүйтіп жібергенде болар еді/. Абырой болғанда әлгі тайпаның тілінде бұл ишарат «сыйлау, құрметтеу» дегенді білдіреді екен. Енді ыржақай да алақанымен жұдырығын ұрып, «бүйтіп жіберемінді» қайталап жатты. Зал толы күлкі. Әке де мәз, ана да мәз, бала да мәз...
...Кинодан шығып барамыз. Бір кішкентай бала «бүйтіп жіберемінді» қолымен қайталап барады. Анасы басынан сыйпап, күлді де қойды. Есіме әкемнің шапалағының түскені. Бұларға да сондай бір шапалақ керек болды. Өздері ғана емес, көрерменді де аздырып бітті! Деградация!», - деп күйіне жазды белгілі журналист.Мұндай пікірден соң Қоянбаев қоя қояр ма екен, әлде ақтала ма? Ол алдағы уақыттың еншісінде...