Жұмыртқа өндіру саласында елдің түкпір-түкпірінде орналасқан 34 құс фабрикасы жұмыс істейді.
Бір миллион жұмыртқа, 1100 келі құс еті, сондай-ақ, ең қажетті тауарлар еліміздің жұмыртқа өндіруші компаниялары тарапынан су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге жөнелтілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ Respublica партиясы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарына 1 млн дана жұмыртқаның 480 мыңға жуығы жеткізілді. Өнімнің қалған бөлігін сапасын сақтау мақсатында араға күн салып жеткізілетін болады.
"Жұмыртқа өндіру саласында елдің түкпір-түкпірінде орналасқан 34 құс фабрикасы жұмыс істейді. Бірлестік мүшелері зардап шеккен аймақтарға жұмыртқа мен құс етін тарту етті. Сондай-ақ электр генераторлар, вейдерс (кеудеге дейін жетіп, су өткізбейтін) етіктер, шатырлар, жиналмалы төсек сатып алдық. Су тасқынымен күресіп жатқан еріктілер мен сарбаздарды тамақтандыру пункттеріне азық-түлік пен су жеткізіліп, ауыр жұмыста таптырмас ауыр техникалар тегін берілді", – деді Respublica партиясының мүшесі, Қостанай облыстық мәслихатының депутаты Қайрат Майышев.