Астанада әйелін аса қатегездікпен өлтірді деп айып тағылған бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың соты жалғасып жатыр.
ERNUR.KZ. Сот залында Байжанов уақытша қамау изоляторында оған Бауыржан Мусин есімді адам келіп, қаза тапқан Салтанат Нүкенованың туыстарына қарсы қоюға көндіргенін айтты, деп жазады inbusiness.kz.
"Бауыржан Мусин 4 рет келді. Кешкі сағат 21.00 кезінде мен онымен тергеу изоляторында кездестім. Оның қасында Бишімбаев тұрды. Мен олармен сөйлеспей, кері бұрылып кетіп қалдым. Мен де, менің адвокаттарым да бұл жағдайды әкімшіге ескерттік. Бірақ ол құлақ асқан жоқ. Қайта-қайта кездесуге келе берді. Мені Салтанаттың туыстарына қарсы үгіттеді. Бауыржан Мусиннің кім екенін білмеймін, бірақ оны білетіндер қоғам қайраткері деп айтады. Біз кездескен жерде камералар бар. Бәрі жазылып тұр", - деді Байжанов.
Айта кетейік, дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары Бауыржан Мусин 2018 жылы пара алған деген айыппен 7 жылға сотталған.
Мусин "Ассар KZ" компаниясына 1 миллион теңгеге, сондай-ақ кәсіпкер Күлшариевтен 400 000 теңгеге пара алғаны белгілі болды. Қазір ол түрмеде жазасын өтеп жатыр.