Биыл мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бюджеттен 624 млрд теңге бөлінді

0
207

Қазір елімізде 732 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады.


Биыл мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бюджеттен 624 млрд теңге бөлінді

ERNUR.KZ. Бүгінде қоғамдағы инклюзияны көбіне өткір қажет ететіндер – ол мүгедектігі бар адамдар. Қазір елімізде 732 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Оның ішінде балалар үлесі - 15%, 18-ден асқан адамдар - 85%, оның ішінде еңбекке қабілетті адамдар – 57%, зейнет жасындағылар – 27%.

Жыл сайын мүгедектігі бар адамдарды қолдауға шығындар бюджеттің әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамтамасыз ету шығындарының шамамен 11%-ын құрайды. Осы орайда, мүгедектігі бойынша әлеуметтік жәрдемақылар төлеміне 2024 жылы мемлекеттік бюджеттен 624 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев ОКҚ алаңында хабарлады.

Оның айтуынша, жалпы мүгедектігі бойынша жәрдемақылардан басқа мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру деңгейі мен сапасын көтеру бойынша келесі негізгі бағыттарда жұмыс жүргізілуде. Әлеуметтік кодексті іске асыру аясында елімізде мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік қызмет жүйесін жаңғырту басталды.

«Осылайша, Семей, Тараз және Кентау қалаларында 150 орындық 3 оңалту орталықтары қолданысқа берілді. Еліміздің 6 өңірінде (Шымкент, Павлодар, Өскемен, Талдықорған, Тараз және Қостанай) аутизм спектрінің бұзылуы бар балаларға және басқа да менталдық бұзушылықтары бар балаларға күндізгі болу орталықтары ашылды. Бұдан басқа, мүгедектігі бар адамдарды жөргектермен қамтамасыз ету нормасы ұлғайды, спина бифида диагнозы қойылған мүгедектігі бар адамдарға бір рет қолданылатын майланған катетерлер енгізілді, менталдық бұзушылықтарымен мүгедектігі бар балаларға санаторийлік-курорттық емделу ұсынылады», – деді спикер.

Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру аясында 2030 жылға дейінгі Инклюзивті саясат тұжырымдамасы әзірленді. Бұл құжат мүгедектіктің медициналық-әлеуметтік моделінен әлеуметтік-құқықтық қорғау моделіне көшуге жағдай жасау түбегейлі жаңашылдық болып табылады. Инклюзивті саясатты жүзеге асырудың жаңа тәсілдері мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын іске асыруға, мүмкіндіктерін кеңейтуге, олардың қоғамға толыққанды әлеуметтік ықпалдасуы үшін қажетті жағдайлар жасауға бақытталған пәрменді шаралар кешенін қабылдауды көздейді.

«Жалпы, тұжырымдама жобасы 13 бағытты қарастырады, оның ішінде: теңдік және кемсітпеу; құқықтық қорғау және сот төрелігіне қол жеткізу; өмір сүру деңгейі және әлеуметтік қорғау; инклюзивті еңбек нарығы және өндірістік орта; инклюзивті білім беру; қолжетімді көрсетілетін қызмет және кедергісіз орта», – деді ведомство өкілі.