Қалған 8 нысанның да құрылысы таяу уақытта тәмамдалады деп көзделуде.
ERNUR.KZ. Таразда қаланы дамытудың 3 жылдық жоспарында шаһар бойынша 24 шағын футбол алаңшасын салу қажеттілігі туындаған болатын. Соған орай биыл облыс орталығында 9 алаңша ел игілігіне беріледі, деп жазады baq.kz.
Қазіргі таңда «Қарасу» (5) ықшамауданы, №12, 15, 16 үйлердің ауласында бой көтеріп жатқан футбол алаңшасының құрылысы толығымен аяқталды. Қалған 8 нысанның да құрылысы таяу уақытта тәмамдалады деп көзделуде.
Биыл қалада тоғыз спорт алаңшасы пайдалануға беріледі. Сәтін салса жоспарды толықтай орындаймыз. Алайда осы салынған дүниелерді күтіп ұстау деген мәселе бар. Бұл жұмыстарға тұрғындар жауапкершілік танытуы керек. Сондықтан әрбір аумақта мүлік иелерінің бірлестігін (МИБ) құру маңызды. Алдағы уақытта мұндай бірлестіктер құрылмаған аумақтарда спорт алаңшаларын салу қарастырылмайды. Бұл бір жағынан тұрғындардың ортақ мүлкіне немқұрайлы қарамауы үшін де қажет, – деген Бақытжан Әмірбекұлы 2025 жылы шаһарда 10, 2026 жылы 5 шағын футбол алаңшасын ашылу көзделіп отырғанын жеткізді.
Бұдан бөлек, биыл қала аумағында 14 спорт алаңшасы қалпына келтіріліп, жаңа кейіпке енеді. Осылайша, биыл жыл соңына дейін тұрғындар жаңа шағын футбол алаңшаларының игілігін көреді.
Жалпы биыл Тараз қаласы бойынша 25 ойын алаңшасының құрылысы жүрсе, былтыр 26 ойын алаңшасы пайдалануға берілген болатын.