Биылғы стипендия 84 қазақстандыққа тағайындалды.
ERNUR.KZ. Биылғы іріктеудің екінші легінде стипендия 84 қазақстандыққа тағайындалды. Оның ішінде 78 адам магистратураға, 6 адам әлемнің үздік жоғары оқу орындарының докторантурасына түсті, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«Халықаралық бағдарламалар орталығының» баспасөз қызметі мәлім еткендей, осы жылғы 31 тамызда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің төрағалығымен өткен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысында стипендияларды тағайындау туралы шешім қабылданды.
«Биыл «Ақпараттық технологиялар мен жүйелер», «Биотехнология. Биоинженерия. Биомедицина. Биохимия», «Көлік технологиялары. Көлік инженериясы. Логистика», «Білім беру саласындағы басқару», «Үлкен деректерді талдау. Салалар бойынша предиктивті талдау» және т.б. сынды мамандықтар сұранысқа ие болды», - делінген орталық хабарламасында.
«Болашақ» стипендиясын тағайындауға үміткерлерді іріктеу бойынша конкурс жылына үш рет өтеді. Қорытынды шілде, тамыз және желтоқсан айларында шығарылады. Ағымдағы жылдың соңына дейін Республикалық комиссияның тағы бір отырысы өтетін болады.
«Жалпы алғанда, 2022 жылы магистратура мен резидентураға 385 стипендия, докторантураға 60 стипендия, тағылымдамадан өтуге 110 стипендия бөлінді.
«Болашақ» стипендиясын тағайындауға конкурстық іріктеуге қатысу үшін құжаттар қабылдау биылғы жылғы 23 мамырда басталды және 14 қазанға дейін жалғасады», - делінген хабарламада.
5 қыркүйекте тағылымдамадан өту үшін құжаттар қабылдау басталып, 2022 жылғы 14 қазанда аяқталады.
«Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерінің тізімі Халықаралық бағдарламалар орталығының сайтында жарияланған: https://bolashak.gov.kz/kz/stipendiya-iegerleri