Бруцеллез ауруы бойынша Қазақстан ТМД елдері ішінде көшбасында тұр

0
709

Ветеринарлар жеке шаруалардың малына салынатын вакцина үшін мемлекет қаржы бөлсе деп отыр.


Бруцеллез ауруы бойынша Қазақстан ТМД елдері ішінде көшбасында тұр

ERNUR.KZ. Бруцеллез ауруы бойынша Қазақстан ТМД елдері ішінде көшбасында тұр. Бұл ауру жануарлар ғана емес, адамдар арасында да таралған. Әсіресе ШҚО-дағы 5 ауданда жағдай қиын, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Бұған қарамастан малға вакцина салу жұмыстары жүйелі жүргізілмей отыр. ШҚО-дағы Көкпекті – бруцеллез ауруы дендеген облыстағы 5 ауданның бірі. Тіршілігі төрт түлікке байланған Қайрат Қайсановтың осыдан екі жыл бұрын 40-қа жуық ірі қарасы ауруға шалдығыпты. Малының жартысына жуығын жоқ қылуға тура келген. Енді аурудың алдын алуға баса назар аударып отыр.

Дер кезінде атқарылған шаралардың нәтижесінде 2 жыл ішінде Көкпекті ауылында ауру азайған. Бірақ арқаны кеңге салуға әлі ерте. Аурудан толық құтылу үшін мамандар вакцинаның көмегі зор екенін айтады. Алайда екпенің құны қымбат. Тек қалтасы көтергендер ғана малына вакцина салдырып жатыр.

"Вакцинаның бір дозасы мың теңге тұрады. Ірі шаруа қожалықтары қазір малына екпе салдырып жатыр. Ал қарапайым адамдарға қиындық тудырады. Сол себепті жеке шаруалардың малына салынатын вакцина үшін мемлекет қаржы бөлсе дейміз", – дейді Көкпекті ауданы ветеринарлық қызметінің директоры Кенжебек Терин.

Заңға сәйкес мемлекет аусыл, сібір жарасы секілді аса қауіпті ауруларға қарсы екпе үшін ғана қаражат бөледі. Сондықтан мамандар заңнамалық өзгерістер керек, дейді. Сонда ғана елді әбігерге салған аурудан құтылуға болады.

Қазіргі уақытта бруцеллез ауруы бойынша Қазақстан ТМД елдері ішінде көшбасында тұр