Бүгін ҚР Президентін ұлықтау рәсімі өтеді

0
1 588

Бүгінгі инаугурация - Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алтыншы ұлықтау рәсімі.


Бүгін ҚР Президентін ұлықтау рәсімі өтеді

ERNUR.KZ. Бүгін, 12 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында жаңадан сайланған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтеді, деп жазады ҚазАқпарат.

Еске сала кетейік, ҚР Орталық сайлау комиссиясының шығарған қорытындысына сәйкес, 9 маусымдағы кезектен тыс президенттік сайлауда кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 70,96 процент дауысын (сайлаушылардың 6 539 715 дауысы) алып, жеңіске жеткен болатын. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президентінің ант беру күнін 12 маусымға белгілеу туралы арнайы қаулы қабылдады.

Ұлықтау рәсімі барысында Орталық сайлау комиссиясы жаңа сайланған Президентке Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін тапсырады. Сонымен қатар, Президент рәсім барысында Қазақстан халқына ант береді. Ал ант берген сәттен бастап жаңадан сайланған Президент ресми қызметiне кiрiскен болып саналады.

Бүгінгі 12 маусымдағы инаугурация - Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алтыншы ұлықтау рәсімі. Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті 1991 жылы алғаш рет ант берген болатын. Ол салтанатты рәсім 10 желтоқсанда Алматыдағы Республика сарайында өтті. 1999 жылы 10 қаңтарда өткен екінші жалпыхалықтық сайлауда да жеңіске жеткен Н.Назарбаев Қазақстан Республикасының Конституциясына алақанын қойып ант берді.

Ал содан кейін 2005 жылы 4 желтоқсанда өткен үшінші жалпыхалықтық сайлаудың нәтижесі бойынша Елбасын ұлықтау салтанаты 2006 жылғы 11 қаңтарында Ақордада өтті. Ол инаугурацияға әлемнің 70-тен астам мемлекетінен келген жоғары лауазымды тұлғалар қатысты.

2011 жылы кезектен тыс сайлауда жеңіске жеткен Н.Назарбаевты ұлықтау рәсімі 8 сәуірде өткен еді. Осының алдындағы ұлықтау рәсімі 2015 жылдың 29 сәуірінде болды.