Бүгін Ұлттық қауіпсіздік органдарының күні

0
134

Жемқорлыққа тосқауыл қою бағытында 707 млрд. теңгеден аса қаржының талан-тараж болмауы қамтамасыз етілген.


Бүгін Ұлттық қауіпсіздік органдарының күні

Дүниежүзіндегі қайбір мемлекетті алып қарасаңыз да әлеуметтік-экономикалық ахуалдан да бұрын сол елдегі азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырысады. Себебі, қауіпті қоғамда емін-еркін өмір сүріп, күнделікті тіршілікпен айналысу, тұрмысты түзеп, алдымен отбасының, одан кейін Отаныныңның жағдайын жақсарту мүмкін емес. Сондықтан да Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет атанғаннан кейін ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін орган құруға ұмтылып, мемлекет басшысының жарлығымен сонау 1992 жылы 13 шілде күні Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылды. Яғни бүгін ел егемендігін нығайтып, азаматтардың уайым-қайғысыз өмір сүруіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан құзіретті органның жұмыс істей бастағанына 32 жыл толып отыр.


Отыз жылдан астам уақыт аралығында басқа мемлекеттік мекемелер, құрылымдар мен органдар секілді бұл орган да даму тарихын бастан өткерді. Бірнеше онжылдық жүзінде өз орнын айқындап, әлі де заман ағымымен бірге қарыштап даму үстінде. Өзгермеген сипаты – тұрақтылық пен қауіпсіздік үшін қызмет ету және мемлекет мүддесіне жұмыс істеуі.


Қазіргі таңда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылымына департаменттер, құрылымдық бөлімдер, өңірлердегі аумақтық органдар мен оларға қарасты аудан-қалалық бөлімшелер, әскери ұйымдар, барлау қызметі, шекара қызметі, арнайы жасақтар, зерттеу-зерделеу мекемелері сынды уәкілетті қызметтер кіреді.


Осы орайда ҚР ҰҚК жұмысын дамыту және деңгейін көтеру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға аз-кем тоқталып өтсек. Мәселен, биылғы жылдың басында аталмыш органға жаңа міндеттер жүктеліп, өкілеттіліктер берілетіні айтылған-ды. Осы бастама наурыз айында нақты іске асырылып, ел президенті ҰҚК қызметіне қатысты өзгерістер туралы Жарлыққа қол қойды. Сол Жарлыққа сәйкес комитетке бірқатар өкілеттілік берілді. Оның ішінде ақпараттық құралдар арқылы маңызды деректердің таралуын бақылау, мемлекеттік құпияларды қамтитын электронды жүйе құру, оларды қалыптастыру және қорғау, ҰҚК қызметкерлеріне қатысты зерделеу жүргізу сынды өкілеттіліктер бар. Одан бөлек комитетке мемлекеттік қызмет, сот, ұлттық банк, мемлекеттік авиация секілді маңызды салаларға жұмысқа тұрушыларға тексеру жүргізу нұсқаулығын дайындау, мемлекеттік құпия бағытын нығайту, ҰҚК қызметкерлерін жан-жақты дамыту қағидаларын дайындау, мемлекет басшысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосу міндеттері жүктелді.


Естеріңізде болса, мамыр айы аяқталар тұста Прзидент Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаевты қабылдап, орган бастығы терроризм мен діни лаңкестікке қарсы іс-шаралар және алға қойылған жоспар жайлы есеп берген еді. Сол қабылдауда ведомство басшысы биыл екі бірдей лаңкестік іс-әрекетке тосқауыл қойылғанын, ҰҚК жұмыстарының арқасында 26 адам теріс әрекеттері үшін сотталып, тағы жиырмадан аса адамға қатысты іс жүргізіліп жатқанын, 140-қа жуық күдікті адамның шекарадан өткізілмей, 300-ге тарта шетелдіктің ел аумағынан шығарылғанын мәлім етті. Сонымен қатар, экстремизмге қатысты кітап кіргізу бойынша 200-ге жуық әрекеттің жолы кесіліп, 19 шетел азаматы жауапқа тартылған. Одан бөлек, ҰҚК қызметкерлері 240-қа жуық заңсыз қару, отызға жуық жарылғыш, 4 жарым мыңға жуық оқ-дәрі тәркілеген.


Ал, заңсыз есірткі саудасына қатысты он алты іс-шара жүргізіліп, тасымал жасаған отызға жуық халықаралық және аймақтық арна мен он зертхана жойылыпты. Сегіз жүз келіден асатын есірткі және он төрт тонна синтетикалық зат пен көкнәр тәркіленген. Сонымен бірге, жемқорлыққа тосқауыл қою бағытында 707 млрд. теңгеден аса қаржының талан-тараж болмауы қамтамасыз етіліп, ел қазынасына 1,2 млрд. теңге өндірілген. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұдан да басқа өнімді жұмыстар атқарып жатқандығына күмән жоқ.


Сәйкесінше, әлемдегі өмір сүру құны мен сапасы туралы ең ауқымды мәліметтер дереккөзі Numbeo-ның статистикасына сәйкес, Қазақстан қылмыс деңгейі бойынша 146 елдің ішінде 75-ші орынға тұрақтады. Еліміз ТМД құрамына кіретін Қырғызстан, Беларусь және Украина мемлекеттерінің алдына шықты. Атап айтсақ, бұл рейтинг қылмыс деңгейін жалпы қабылдау; күндіз-түні серуендеу кезіндегі қауіпсіздік; нақты қылмыстар — тонау, , автокөлік ұрлау, бейтаныс адамдардың физикалық шабуылдары, қоғамдық орындарда қудалау және кемсітушілік; меншікке байланысты қылмыстар — тонау, ұрлық, вандализм; зорлық-зомбылық, кісі өлтіру, жыныстық қылмыс секілді көптеген деректерді жинақтау арқылы шығарылған.


Ең бастысы дәл қазіргі уақытта ел тұрғындары тұрақты да тату ортада қауіпсіздіктеріне алаңдамай өмір сүріп жатыр. Мұндай жайлы жағдайдың артында да Ұлттық қауіпсіздік қызметінің тұрғандығы анық.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ