Бүркітші қыз Айшолпан: Қазақстандағы жарыстарға қатысуға дайынмын

0
4 738

Моңғолияда тұратын қазақ қызы Айшолпан Нұрғайыпқызы 13 жасында бүркітшілер жарысында жеңімпаз атанды.


Бүркітші қыз Айшолпан: Қазақстандағы жарыстарға қатысуға дайынмын

ERNUR.KZ. Моңғолияда тұратын қазақ қызы Айшолпан Нұрғайыпқызы 13 жасында бүркітшілер жарысында жеңімпаз атанды. Ол жайында ағылшынның «Daily Mail» басылымы да жазды. Ал режиссер Отто Белл «Бүркітші қыз» атты деректі фильм түсірді. Айшолпан туралы фильм Оскар сыйлығына да ұсынылды, деп жазады ҚазАқпарат.

Бүгінде Айшолпанның жасы – 17-де. «Qazaqstan» РТРК «Көшпенділер» атты деректі фильмдер топтамасының алғашқы сериясын Айшолпанға арнады. Аталған жоба аясында бүркітші қыз алғаш рет Қазақстанға келіп, құсбегілік өнерімен қалай айналысып кеткенін айтып берді.

«Құсбегілік - жеті атадан жалғасып келе жатқан дәстүр, екі мың жылдық тариxы бар салт. Өзім кішкентай кезімнен бастап бүркітпен бірге өстім. Ағам да бүркітші болды. Ол оқуды бітіріп, әскерге кеткеннен кейін бүркіті үйде қалды. Мен әке-шешемнің рұқсатын алып, бүркітті өзім ұстадым. Содан әкеммен бірге тау-тасқа шықтық, аң ұстадық», - деді А.Нұрғайыпқызы Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның айтуынша, өзі ұстап жүрген бүркіттің аты - Ақ қанат. Онымен қасқыр алған кездері де болған.

«Мен бүркіттің арқасында көптеген елдерде болдым, киноға түстім. Оскарға да ұсынды. Моңғолияда менің атағым шыққаннан кейін бүркітші қыздар көбейді. Қазақстанда құсбегілік жарыстар болса, келу жағын ойластырамын. Әрине, қатысамын», - деп атап көрсетті А.Нұрғайыпқызы.

Айшолпанның анасы Алмагүл Көксеген қызының құсбегілікпен айналысамын деген тілегін бірден қабыл алмады. Бірақ Айшолпанның қызығушылығын көргеннен кейін қарсылық білдірген жоқ.

«Енді, қыз бала үйде отырып, шаруасын істеуі керек. Бізді солай үйретті. Бірақ ол өзі талаптанып, бүркітпен аңға шығамын дегеннен кейін қарсы болған жоқпыз. Әрине, қыз бала үшін тау-тасқа шығу оңай емес. Біздің жақта қыста 40 градусқа дейін суық болады. Содан біз оны жылы киіндіріп, қоя береміз», - дейді А.Көксеген.

Айшолпанның өзі қиындықтан қорықпайды екен.

«Өз мақсатыңа жету үшін әр нәрсеге төзе білу керек», - деді А.Нұрғайыпқызы.

Айта кетейік, 2014 жылы ағылшынның «Daily Mail» басылымы құсбегілік өнерін игерген 13 жастағы қазақ қызы туралы мақала жариялап, Айшолпанды бүкіл әлемге танымал еткен болатын. Осыдан кейін режиссер Отто Белл «Бүркітші қыз» (The Eagle Huntres) атты деректі фильм түсірді. Аталған фильм Оскар сыйлығына үміткер үздік 15 фильмнің қатарына енді. Сол кезде фильм авторлары түсірілім жұмыстарын қалай жүргізгендерін айтып берді.

Ал Австралия әншісі Сия Ферлер «Angel by the Wings» атты әніне клип шығарды. Аталған шығарма Моңғолиядағы бүркітші қазақ қызы Айшолпан Нұрғайыпқызы туралы деректі фильмнің ресми саундтрегі болып саналады.