Республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер бөлу туралы шешімді Президент қана қабылдайтын болады.
ERNUR.KZ. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Бюджетті жоспарлау процесінде шығындар оңтайландырылады және бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуді көздеп отырмыз. Жақын арада біз биылға арналған республикалық бюджеттің шығыс параметрлері мен бағыттарын нақтылаймыз. Бұл ретте Президенттің сайлауалды бағдарламасы мен Қазақстан халқына Жолдауында айтылған бастамалары мен тапсырмаларына баса назар аударылады», - деді ол ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісінде.
Сондай-ақ, алдағы 3 жылдың бюджетін қалыптастыру жұмысы жалғасатынын айтты.
«Бұл жерде бюджет тиімділігін арттыру және мемлекет қаржысының тұрақтылығын нығайту жөніндегі тапсырмалар ескеріледі. Бұл бағыттағы Бюджет кодексінің жаңа жобасында барынша жүйелі шешімдер көрініс табатын болады. Бұл бюджет процесін оңайлату және фискалдық шараларды орталықсыздандыру, маңызды әлеуметтік маңызы бар, жалпыхалықтық жобаларды іске асыруға Мемлекет басшысының шешімімен ғана нысаналы трансферттер бөлу, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялар қызметінің есептілігі мен ашықтығын қамтамасыз ету және бюджеттік және стратегиялық жоспарлауды толық цифрландыру мәселелерін қозғайды», - деп түсіндірді Ерұлан Жамаубаев.