Дағыстан мен Өзбекстаннан заңсыз кіргізілмек болған 60 бас ірі қара мал кері қайтарылды

0
197

Жыл басынан бері ветеринариялық талаптардың 261 бұзушылығы тіркеліп, жалпы сомасы 6,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.


Дағыстан мен Өзбекстаннан заңсыз кіргізілмек болған 60 бас ірі қара мал кері қайтарылды

фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

ERNUR.KZ. "Сырым" ветеринариялық бақылау-өткізу пунктінде 60 бас ірі қара малды тиісті ілеспе құжаттарсыз ел аумағына кіргізу әрекеті тоқтатылды, деп жазады sputnik.kz.
"Ресейдің Дағыстан Республикасы мен Өзбекстаннан келе жатқан жүк көлігін тексеру барысында еуразиялық экономикалық одақ комиссиясының шешімімен бекітілген ветеринариялық-санитариялық шараларды қолдану талаптарына сәйкес келмейтін заңбұзушылықтар анықталды. Анықталған құқықбұзушылықтарға байланысты көлік құралы Қазақстан аумағынан кері қайтарылып, жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды", - делінген хабарламалада.
2025 жылдың басынан бері ЕАЭО елдерімен шекарадағы ветеринариялық бақылау бекеттерінде жануарлар мен жануар тектес өнімдерді тасымалдау кезінде ветеринариялық талаптардың 261 бұзушылығы тіркелген. 127 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 6,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.
Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті жануарлар мен жануар өнімдерін ел аумағына кіргізу кезінде ветеринариялық талаптарды қатаң сақтау қажет екенін еске салады.

Заң талаптарының сақталмауы биологиялық қауіпсіздікке қатер төндіріп, жануарлар мен адамдардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін.