Сенат төрағасы Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі жер бетіндегі бітімгершілік процесіне өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті.
ERNUR.KZ. Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының XVIII отырысы басталды. Бүгін сенат төрағасы Дариға Назарбаева хатшылық төрағасы ретінде отырысты алғаш рет өткізіп отыр, деп жазады Sputnik Қазақстан.
"Тәуелсіздік жылдарында өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықтың тірегіне айналған елдің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын ең ірі әлемдік діндер мен конфессиялардың басшылары қолдады. Оның конфессияаралық ашық диалог өткізу идеясын сол сәтте барша әлемнен қолдау тапты. Содан бері Қазақстанның тұңғыш президентінің стратегиялық салмақты әрі көреген бастамасы өзінің өзектілігін жоғалтқан емес", - деп бастады сөзін Назарбаева.
Оның айтуынша, жаңа мыңжылдықтың басында ірі конфессияаралық ашық диалог өткізу нағыз революциялық бастама болды. Бүгінде осы шара ірі конфессия басшыларының дәстүрлі кездесуіне айналды.
"Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі жер бетіндегі бітімгершілік процесіне, адамдарды төзімділік пен өзара сыйластық рухында тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосты деп санаймын. Съездің алғашқы декларациясында қатысушылар діни ерекшеліктерді өшпенділік пен алауыздық құралы ретінде пайдалануға жол бермеуге барынша күш салып, адамзатты діндер мен мәдениеттердің жаһандық қақтығысынан қорғауға дайын екенін, сондай-ақ, шындық, әділдік пен сүйіспеншілік сияқты құндылықтарды кез келген уағыздың негізгі мақсаты ретінде ілгерілетуге мүделлі екенін мәлімдеген", - деп атап көрсетті Назарбаева.