Демалыс орнынан қоңыз шыққан: Ресейге демалуға барған оқушылар кері қайтты

0
316

Пансионат орналасқан елді мекенде бірнеше күн жаңбыр жауған.


Демалыс орнынан қоңыз шыққан: Ресейге демалуға барған оқушылар кері қайтты

Фото: pexels

ERNUR.KZ. Атырау облысындағы су тасқынынан зардап шеккен Құлсары қаласының оқушылары Ресейдегі «Қазақстан геологі» пансионатына демалуға аттанған. Алайда, балаларды елге қайтаруға шешім қабылданды, деп жазады inform.kz.

Атырау облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуовтің «Қазақстан геологі» емдеу пансионаты 2001 жылдан бері жұмыс істейді. Ресей Федерациясының Ставрополь өлкесінде Железноводск қаласының маңындағы Иноземцево кентінде орналасқан. Пансионат орналасқан Бештау тауының етегіндегі жер Қазақстанның Республикасының меншігінде берілген.

«Пансионат экологиялық таза, курортты аймақта орналасқан. Оның барлық жағы орманмен қоршалған. Минералды бұлақ көзі, бювет бар. Мекеме 12 ай бойы келушілерді қабылдайды. Жылыой ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен отбасылардағы балаларды каникул кезінде аталған демалыс орнына жіберген едік. Аудандық білім бөлімі балалар тізімін жасақтап, 26 қазанда 174 оқушыны, оның ішінде 113 ұл мен 61 қызды 18 жетекші мұғалім бастап барды. Олар пансионатқа кеше, 27 қазанда Қазақстан уақытымен кешкі сағат 22:00 шамасында жетті. Оқушылар пансионатта 4 қарашаға дейін демалатыны жоспарланған еді», -деді Марат Әбуов.

Оның дерегіне сүйенсек, пансионат орналасқан елді мекенде бірнеше күн жаңбыр жауған. Содан соң ауа райы күрт жылып, ағаш қоңызы көбейген.

«Бұл пансионатта бірнеше корпус бар. Қыздар жататын №6 корпустың 1-2 бөлмесінің ашық қалған терезесінен қоңыздың кіргені анықталып отыр. Өзге корпустардағы бөлмелерге қоңыз кірмеген. Дәрігерлердің айтуынша, ағаш қоңыздары адамға зиян келтірмейді. Соған қарамастан 21-26 қазан аралығында пансионаттың корпустарына 2 мәрте дезинфекциялау жүргізілген. Табиғаттың құбылысынан кейін қоңыздың таралуына байланысты Жылыой ауданынан демалуға барған оқушыларды елге қайтаруға шешім қабылданды. Оқушылар бүгін, 28 қазанда Қазақстан уақытымен сағат 15:00-де 4 автобуспен Атырауға қарай жолға шығады», -деп мәлім етті Марат Әбуов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын тасқын су басқан Құлсарының тұрғындарына 62 үй берілгенін хабарлаған едік.