Музыканттар фестивальге қатысудан мүлдем бас тартып отыр.
ERNUR.KZ. Британиялық Editors рок-тобы Алматыдағы Park Live музыка фестиваліне қатысудан бас тартты, деп жазады stan.kz.
Бұған дейін британиялық Editors тобы Алматыда өтетін "Яндекс" демеушілігімен Park Live фестивалінде өнер көрсететінін жариялаған еді. Алайда біраз уақыттан кейін хабарландыру жазбасы жойылды. Енді музыканттар фестивальге қатысудан мүлдем бас тартып отыр.
Топтың хабарламасында фестивальде өнер көрсету үшін "келіссөздер жүргізіліп жатқаны" айтылған.
"Бірақ қазір бізге іс-шараға кім демеушілік жасап жатқаны хабарланған соң, бірден бас тарту туралы шешім қабылдадық. Болашақта Қазақстанға басқа бір жақсы жағдайда келеміз деп үміттенеміз", – дейді музыканттар.
Қазақстандағы қойылым жарияланғаннан кейін жанкүйерлер музыканттарды сынға алды.
"Ресейліктер демеушілік ететін фестиваль – жақсы таңдау. Қанға боялған ақша алғаннан кейін қолыңызды жууды ұмытпаңыз", "Яндекстің ресейлік компания екенін білесіз бе?" – деп оқырмандар шағымданды.
Айта кетейік, Park Live музыка фестивалі Мәскеуде 2013-2019 жылдар аралығында өтті. Онда көптеген батыс жұлдызы өнер көрсетті: The Prodigy, Gorillaz, Massive Attack, Red Hot Chili Peppers, The Killers, System of a Down. 2020-2021 жылдары фестиваль коронавирус пандемиясына байланысты, ал 2022-2023 жылдары Ресейдің Украинаға басып кіруіне және шетелдік әртістердің Ресей Федерациясына гастрольдік сапардан бас тартуына байланысты кейінге шегерілді.
Бұған дейін украиналықтар Placebo тобын Алматыда өнер көрсеткені үшін "геноцид демеушілері" деп атағаны хабарланған еді.