Бірақ Елжан Біртановтың бой жазуға уақыты болмады.
ERNUR.KZ. Бүгін елордадағы «Қазмедиа» орталығында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Оның соңында ведомство қызметкерлері жаппай орындарынан тұрып, жаттығу жасап, би билеуге кірісті, деп жазады ҚазАқпарат.
Бірақ Елжан Біртановтың бой жазуға уақыты болмады. Ол баяндама жасап болғаннан кейін, келесі жиынға асығыс екенін айтып, залдан шығып кетті. Ал әріптестерін жаттығу жасауға шақырды.
«Премьер-Министрдің отырысына кетіп барамын. Залдан ешқайсыларыңыздың кетпеулеріңізді өтінемін. «Healthy Break» («Салауатты үзіліз») деп аталатын шағын үзіліс жасағым келеді. Бұл үздік халықаралық дәстүрге сай кішірек жаттығу саналады. Ол үшін сіздерге орындарыңыздан тұрып, біраз секіріп алуға тура келеді», - деді ол.
Осыдан кейін залда отырған денсаулық саласы мамандарының барлығы орындарынан тұрып, музыка ырғағымен дене жаттығуларын жасады. Айта кетерлігі, оған Денсаулық сақтау министрінің орынбасарлары, комитеттер басшылары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты - ДСМ жанындағы Пациенттердің құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңестің төрайымы Надежда Петухова да белсене қатысты.