Депутат балабақшаларды қаржыландыруға өзгерістер енгізуді ұсынды

0
1 425

Ол қаржыландыру арнайы әдістеме бойынша жүзеге асырылатынын айтты.


Депутат балабақшаларды қаржыландыруға өзгерістер енгізуді ұсынды

ERNUR.KZ. «AMANAT» фракциясының мүшесі, депутаты Мұрат Ергешбаев Қызылорда облысындағы балабақшалар жайлы айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Қызылорда облысында жұмыс жасап жатқан 669 мектепке дейінгі ұйымда 58 599 бала тәрбиеленіп жатыр. Осы 669 ұйымның 162 мемлекеттік, 423 жеке және 84 шағын орталықтар. Елімізде 2021 жылдан бастап балабақшаларды қаржыландыру Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрлігінің жан басына қаржыландыру әдістемесі бойынша жүргізіледі. Бұл әдістеме бойынша қаржыландырудың жеткіліксіздігінің басты себебі «Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгілік штаттарын және педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 77 қаулысының талаптарына сәйке барлық мемлекеттік білім беру ұйымдарының штат бірліктерінің толық болуы тәртібіне байланысты қалыптасып отыр», - деді ол.

Ергешбаев атағандай, аталған қаулыға сәйкес барлық мемлекеттік білім беру ұйымдары жобалық қуатына қарамастан бір топта 2 тәрбиеші және 2 бала күтушісін ұстау қажет.

«Сонда мемлекеттік білім беру ұйымдары топта 30 бала болса да, 10 бала болса да, 2 тәрбиеші және 2 бала күтушісін ұстау міндетті. Көріп отырғанымыздай баланың саны аз болса да, көп болса да, шығыстардың саны бірдей, ал, мемлекеттен қаржыландырудың мөлшері екі түрлі. Сол себептен, жобалық қуаты 25-90 орындық мемлекеттік балабақшаларды жан басына қаржыландыру әдістеме бойынша қаржыландыру кезінде, бөлінген қаражат балабақшаны күтіп-ұстауға арналған шығыстарды жабуға жетпейді. Ал жекеменшік балабақшаларда штат бірліктеріне қойылатын ешқандай шектеулер жоқ, олар 1 тәрбиеші мен 1 бала күтушісін ұстап, жұмыс жасай алады. Тіпті электрик, сантехник, тазалаушы т.б. жұмысшылардың жұмысын сырттай (аутсорсинг) арқылы пайдалана алады», - деді ол.

Депутат ҚР Үкіметінің №77 қаулысына балабақшаларды үлгілік штаттық бірліктермен жасақтау бөлігінде сәйкесінше өзгерістер енгізу қажет екенін айтты.

«Сондай-ақ, дизель отынын сатып алуға жұмсалатын шығыстар бойынша қосымша коэффициентті ескеру қажет (облыстың балабақшаларының 60% дизель отынымен жылытылады. Дизель отынының бағасы 270 тенге 1 литрға. Мысалы, қуаты 100 орындық балабақша 1 айға орта есеппен 4-5 млн теңгеге қаржыландырылады. Оның ішінде дизель отынына 2-3 млн теңге жұмсайды, дизель отынынан басқа, жалақы, салықтар, коммуналдық қызметтер, тамақтану сияқты басқа да шығындары бар. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, көтеріп отырған мәселелерді жан-жақты зертеп, мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландырудың қолданыстағы әдістемесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді сұраймын», - деді депутат.