Депутат киіз үйдің ішінде жартылай жалаңаш билеген бишілерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынды

0
493

Депутат ЛГБТ насихатына қарсы петиция қорытындысын қарау отырысына азаматтарды белсене қатысуға шақырды.


Депутат киіз үйдің ішінде жартылай жалаңаш билеген бишілерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынды

ERNUR.KZ. Бабадан қалған ең қастерлі мұрамыздың бірі – киіз үй еді. Сан ғасыр бойы хандарымызға еңсесі биік ақ орда, халқымызға құт ұялаған баспана болған сол киіз үйге және басқа да құндылықтарымызға ақпараттық шабуыл да басталды. Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Самат Мұсабаев осылай деп мәлімдеді. Ол киіз үйдің ішінде жартылай жалаңаш билеген жігіт пен екі қыздың бейнебаянын құзіретті органдар назарға алу керек деп санайды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Күні кеше оюлаған киіз үйде ұлттық киім киіп, жартылай жалаңаштанып ойқастаған үшеудің әлеуметтік желіні шарлаған бейнеролигі исі қазақтың ашу-ызасын тудырып отыр. Халықтың бұған наразылығы әбден орынды. Ең аяулы дүниеңді аяққа таптаса, ұлттық киіммен жалаңаштанса, төріңде әуретін ашып тайраңдаса – бұл бүкіл ұлтты, дені қазақ, рухы биік елімізді қорлаумен пара-пар», - деді депутат.

Самат Мұсабаев перфоманстың авторы, 21 жастағы хареограф Әлішер Сұлтанбекұлын«сирақты прима» деп атады.

«Ең сорақысы – әлгі жын-ойнақтағы үш ұзынның ортадағы «сирақты примасы» ез екен. Бұл – халқымызға қарсы мысық тілеулі, теріс ниеттілердің алдын ала жете ойластырып, қазақы дүниені, ұлттық құндылықтарды құнсыздандыруға, мазақ етуге бағытталған қасақана жаулық әрекеті деп білеміз. Тал түсте төрімізде тайраңдағаны – нағыз басынғандық. Олар бүгін төрімізде тайраңдаса, ертең төбемізде ойнамасына кім кепіл?! Сондықтан бұған көз жұмып қарап, жай қалдыра салуға болмайды», - деді ол.

Депутаттың сөзінше, қазақ үйдегі бишілер осылайша ЛГБТ насихатына тосқауыл қою деген талапқа ашық қарсылығын білдіріп отыр.

«Албасты қабаққа қарап басады» деген. Бұл біріншіден, қоғамның осы әрекетке қалай үн қататынын байқайын деген астыртын сыр тарту тәсілі болса, екіншіден, ЛГБТ насихатына тосқауыл қоймақ талапқа деген ашық қарсылық, үшіншіден, өскелең буынды өз ұлттық құндылықтарынан жеріндіру әрекеті. Бұл мәселені біз бір топ депутат былтыр Мәжіліс мінберінен көтеріп, барлық платформаларда, әлеуметтік желілерде ұлттық мәдениетімізге сәйкес келмейтін ақпараттық өнімдерді таратуға тыйым салуға, теріс ағымдарды насихаттайтын ақпарат көздерінен сақтайтын заң нормаларын әзірлеуді ұсынған болатынбыз. Ал таяуда қоғам белсенділері ЛГБТ насихатына қарсы петиция жариялаған еді. Небәрі 2 аптада осы талапты қолдап, 50 мың қол жиналды. Бұл – ЛГБТ-нің елімізге қажетсіз әрі жат құбылыс екендігінің, оған халықтың ашық қарсылығының анық көрінісі. Алда өтетін петиция қорытындысын қарау отырысына қоғам белсенділерін, ұлт жанашырларын белсене қатысуға шақырамын», - деді ол.

Самат Мұсабаев айтқандай, бейнероликтегі ұлттық құндылықтарымызды қорлау көрінісі – әбден шектен шыққандық. Сондықтан құқық қорғау органдары осы мәселе бойынша нақты құқықтық бағасын беруі тиіс.

«Бұдан былай ұлттық құндылықтарымыз – домбыра, қобыз, киіз үй, ұлттық киім, ұлттық тағам секілді асыл жәдігерлерімізді қандай-да теріс мақсатта пайдалану, мазақ ету – ұлт намысына қол сұғу, ұлттың беделін түсіруге бағытталған қылмыстық әрекет деп бағаланып, қылмыстық жауаптылықпен жазалануы тиіс. Қорыта келе, Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасына, Ұлттық Қауіпсіздік комитетіне аталған бейнеролик бойынша құқықтық баға беріп, оған қатысты нақты шара қолдануды сұраймыз. Ата дәстүрімізге қол сұғу – ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтіру, ұлттық құндылықтарды түбірімен жоюмен тепе-тең», - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Еске салайық, жуырда желіде қазақша камзол мен биік өкшелі аяқ киім киіп, киіз үйдің ішінде билеген жастардың видеосы тараған болатын. Бейнежазбаның авторы Әлішер Сұлтанбекұлы деген хареограф өзінің шығармашылығы арқылы тарихына жақындағысы келгенін айтқан.