Барлық дәріханада фармацевт-сатушылар денсаулық сақтау министрінің дәрі-дәрмекті шекті бағамен сату бұйрығын білмейтіні белгілі болған.
ERNUR.KZ. Елордада Мәжіліс және мәслихат депутаттары жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлерімен бірге дәріханаларды аралап, препараттар бағасына мониторинг жасады, деп жазады ҚазАқпарат.
Бүгін құрамына Нұр-Сұлтан қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының міндетін атқарушы Мэлс Ақылбаев, департамент басшысының бірінші орынбасары Жазира Жылқышиева, Парламент Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева, қалалық мәслихаттың депутаты Рамзия Өмірбаева, Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті басқармасының басшысы Еркебұлан Байтубаев, «Астана - Адалдық алаңы» жобасының менеджерлері мен арнайы бақылау тобының мүшелері енген жұмыс тобы қала дәріханаларына мониторинг жасады.
Жалпы әлеуметтік желілер мен «Астана - Адалдық аласы» жобасының телефонына азаматтардың қымбат бағалары туралы 30-дан астам шағым түскен. Жұмыс тобы 7 дәріханаға: Керей мен Жәнібек хандар көшесіндегі «Пульс» дәріханасына, Е16 көшесіндегі «Елхан» дүкеніндегі дәріханаға, Қонаев көшесіндегі «ORYNKUL FARM» ЖШС-ға, Әбікен көшесіндегі «D3» дәріханасына, Жүргенов көшесіндегі «Family Farm» дәріханасына, «Әулие-Ата», «ОдАдоЯ» және «Саламат» тұрғын үй кешеніндегі дәріханаларға барды.
Мониторинг барысында барлық дәріханада короновирус инфекциясын және пневмонияны емдеуге арналған азитромицин, тамифлу, цефтриаксон, клексан, парацетамол, аспирин, ингавирин, сумамед, харелто сияқты препараттардың жоқтығы анықталды.
Абылайхан көшесіндегі 54 «а» мекенжайы бойынша бір ғана дәріханада барлық қажетті дәрі-дәрмек бар болғанымен, сатып алушылардың айтуынша, ұзын-сонар кезек таңертеңнен тарқамаған. Сонымен қатар, азаматтар ондағы бағаның шамадан тыс болуына шағымданған.
«Барлық дәріханада фармацевт-сатушылар денсаулық сақтау министрінің дәрі-дәрмекті шекті бағамен сату бұйрығын білмейтіні белгілі болды. Антисептиктер болмады. Сатып алушылар арасындағы қашықтық сақталмай, баға белгілері көрсетілмей, лицензиялары ілінбеген. Жұмыс нәтижелері бойынша Дәрі-дәрмек бағасын бақылау және талдау бөлімінің бастығы Е.Байтубаевқа анықталған заңбұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдау міндеті жүктелді. Сонымен бірге ол дәріханалардың басшылары мен жауапты тұлғаларды Денсаулық сақтау министрлігінің шекті баға туралы бұйрығымен таныстыруға міндеттелді», - делінген департаменттің хабарламасында.
Апта басынан бері елорданың 24 дәріханасында мониторинг жүргізілген. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
Елордада дәріханалардағы заңсыздықпен бетпе-бет келсеңіз +7 775 160 5532 WhatsApp-нөміріне хабарласуға болады.