​Депутаттар жылжымайтын мүлік иелері туралы мәліметтерді ашуды ұсынды

0
2 314

Кейбір азаматтар өздерінің атына қандай мүлік тіркелгенін басқалары көрмегенін қалайды.


​Депутаттар жылжымайтын мүлік иелері туралы мәліметтерді ашуды ұсынды

сурет:trk.kgd.gov.kz

ERNUR.KZ. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары «Жылжымайтын мүлік регистрі» деректер қорында тұрғындарға емін-еркін қолжетімдікті қамтамасыз етуді ұсынды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Құқықтық кадастрге қолжетімдіктің шектеулі болуы жылжымайтын мүлікті тіркеудегі кемшіліктерге жатқызылуда. Бұл өз кезегінде банктердің, риэлторлардың, құрылыс компанияларының, сондай-ақ азаматтық шарттар жасау кезінде тұрғындардың да жұмысын қиындатады», - деді Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко Үкімет сағаты барысында.

Оның сөзіне қарағанда, Грузия, Ресей және АҚШ-та әрбір адам жылжымайтын мүлік тіркелімінен мәліметтерді еш кедергісіз алуға қауқарлы. Бұл ретте, осы норманы елімізде енгізілуін халықаралық сарапшылар да ұсынып отыр.

«Бізде бұл бағытта қарсылық білдіретіндер бар екендігі түсінікті. Кейбір азаматтар өздерінің атына қандай мүлік тіркелгенін басқалары көрмегенін қалайды. Менің ойымша, бізде осыған дейін ауқымды заңдастыру шаралары өткендіктен, бұл мәселеде мүлікті жасырудың реті жоқ. Сондықтан бұл жағдай заңмен қарастырылғанын әрі айқындалғанын түсіну керек», - деді ол.

Өз кезегінде әріптесіне депутат Нұрлан Әбдіров те қолдау білдіріп, жылжымайтын мүлік нысандары туралы деректердің қолжетімді болуы маңызды екенін атап өтті. Н. Әбдіровтың айтуынша, «Doing Business» рейтингінде «Меншікті тіркеу» индикаторы бойынша жоғары позициядағы елдерде осындай ақпаратты үшінші адамдар еркін көре алады.