2018 жылғы желтоқсанда Оңдасынов жылу қазандықтарын жаңарту мен терезелерді ауыстыруға қаржы бөлінетінін айтқан.
ERNUR.KZ. Атырау облысында орналасқан Доссор кентіндегі 20 кереуеттік аурухана туралы 2018 жылғы желтоқсан айында ақпарат тараған еді. Арада біраз уақыт өтсе де, жағдай өзгермеген, науқастар тоңып, ауруханаға жату үшін өздерімен бірге тоқ пештерін әкеліп жүр, деп жазады Skifnews.kz.
Баласымен жатқан келіншек келгелі жылудың мардымсыздығына шағымданды. Әсіресе, түн ішінде қиын екендігін айтып наразылық білдірді. Үйлерінен тоқ пештерін алдырған келіншек:
"Күндізгі бөлімге жатып емделгенмін, ақырында емімді аяқтамай, шығып кеттім. Салқын болғандықтан сырт киіммен жатамыз. Болмағасын тоқ пеш алдырттым. Ағзаға құятын сұйықтарды үйден жылытып әкелеміз. Одан күй бола ма?", - жеп жанайқайын жеткізді.
"Аурухананың салынғанына 14 жыл өтсе де, қыруар қаржы шығарып, қаншама жөндеу жұмыстары жүрсе де, бәрі бекер", - дейді Доссор тұрғыны Мұрат Есмұханов.
Ал аурухана дәрігер болса, шатыр мен қабырларды жөндедік деп отыр.
"Қараңыз батарея ыстық (бірақ дәлізде олай емес). Біз алға қарай ғимараттың бір бөлігінің терезесін ауыстырып көреміз. Егер жылылық сақталса, биыл терезелерді алмастыру жөнінде сұраныс береміз, өйткені шатыр мен қабырғаларды жөндедік", - деп жауап берді жұртшылықтың наразылығын туғызған жайға Мақат ауданының бас дәрігері Батырбек Оңдасынов.
2018 жылғы желтоқсанда Оңдасынов жылу қазандықтарын жаңарту мен терезелерді ауыстыруға қаржы бөлінетінін айтқан. Алайда, терезелер ауыспаған, жылу қазандықтары толықтай жөнделмеген.