ДСМ басшысы қазақстандықтарға қызылшаға қатысты үндеу жасады

0
631

Биыл 13 мыңнан астам адам қызылша жұқтырған.


ДСМ басшысы қазақстандықтарға қызылшаға қатысты үндеу жасады

ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрі қазақстандықтарды қызылшаға қарсы қосымша иммундау шараларына қатысуға шақырды, деп жазады tengrinews.kz.

Қазіргі уақытта Қазақстанда, сондай-ақ әлемнің көптеген елінде қызылша ауруына қатысты қолайсыз эпидемиологиялық жағдай қалыптасып отыр. Инфекция жұқпалы және ол ауа тамшылары арқылы тез таралады. Соңғы екі айда елімізде сырқаттанушылар саны күрт өсті.

Биыл 13 мыңнан астам адам қызылша жұқтырған. Оның 83 пайызы балалар, негізінен 5 жасқа дейінгілер. Олардың 70 пайызы екпе алмаған. Науқастардың арасында екпе алмаған ересектер де бар. Инфекцияның таралуының артуы салдарынан Қазақстанда қосымша жаппай иммундау жүргізу туралы шешім қабылданды.

Ол қаңтар айының соңына дейін жалғасады. Министрдің айтуынша, вакцина жеткілікті.

"Вакциналау мәртебесі жоқ балаларға, инфекция ошақтарында болған ересектерге екпе егеміз. Баршаңызды аурудан сақтану үшін емханаға шақырамыз", - деді Ажар Ғиният.

Денсаулық сақтау министрі инфекциялық аурудың салдарын да назарға салды.

"Бүгінде қызылша вирусының өзіне тән емі жоқ, сондықтан мұндай қауіпті инфекциядан құтылудың жалғыз жолы екпе егу болып отыр. Вакцинаның өзінен қорықпау керек, ол тексерілген. Біз оны жыл сайын ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес қолданамыз", - деп түйіндеді Ажар Ғиният.