Екібастұзда жылыту маусымы басталды

0
2 112

Бұл жергілікті билік үшін нағыз сынақ кезеңі болайын деп тұр.


Екібастұзда жылыту маусымы басталды

ERNUR.KZ. Былтырдан бері жылумен қамтудағы қиындықтарымен жұрт назарын аудартқан кеншілер шаһарындағы нысандар мен үйлерге жылу беріле бастады. Көктемнен бері мұнда көп іс атқарылды. Десе де, бұл жылыту маусымында ақаулар мүлде болмайды дегенді білдірмейді, деп жазады inbusiness.kz.

Биыл Екібастұз қаласында № 2, 5, 8, 12 жылу магистральдері қайта жаңартылды. Олар гидравликалық сынақтардан ойдағыдай өтті. Енді бұл магистральдар химиялық тазартылған сумен толтырылуда. Кейін бұл жүйеге қосылған нысандарға жылу беріле бастайды.

Жалпы желілерге бірден көп жүктеме түспес үшін алдымен әлеуметтік нысандарды, екі апта дересінде көпқабатты баспаналарды, содан соң жеке үйлер секторын жылуға қосу жоспарланып отыр. Мұндағы 690 көппәтерлі үй жылу қабылдауға әзір. "Павлодарэнерго" ЖШС басшылығының мәлімдеуінше, жылу-электр станциясы да алдағы кезеңге дайын. Мұндағы 4 қазандық агрегаты (3 энергетикалық және 1 су жылыту) іске қосылады. 10 қазанға дейін тағы 2 су жылыту қазандығы пайдалануға берілмек. Ал қалған 4 қазандықтағы жөндеу жұмыстапы ай соңына дейін аяқталады.

Десе де, жылу беру барысында қиындықтардың да туындауы әбден мүмкін. Сондықтан кез келген жағдайға дайын болу керек.

"Қалада барлығы шамамен 400 шақырым жылу желісі бар. Биыл оның 20%-ға жуығы, атап айтқанда 74 шақырымы жаңартылды. Өкінішке қарай, құбырлардың қалған 80%-ы ескі, сол себепті жылу бергенде жедел түрде жойылатын кішігірім ақаулар орын алуы мүмкін. Қалай болғанда да өткен жылы болған жағдайға жол бермейміз", - деп отыр Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.

Аймақтың басшысы жылу беру процесін бақылау үшін алдағы үш күнде кеншілер қаласында болмақ. Мұнда арнайы жедел штаб та құрылды. Сонымен қатар, анықталған ақауларды тез арада жою үшін 19 жөндеу бригадасының кезекшілігі ұйымдастырылды.