Елбасы тапсырмасымен Премьер-Министр Б.Сағынтаев жұмыс сапарымен Сингапурге барды

0
1 258

Қазақстан Үкіметі сингапурлық компанияларды белсенді ынтымақтастық орнатуға және жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға, оған қоса, «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына және жекешелендіру бағдарламасына қатысуға шақырады.


Елбасы тапсырмасымен Премьер-Министр Б.Сағынтаев жұмыс сапарымен Сингапурге барды

ERNUR.KZ. Жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қазақстан – Сингапур бизнес-форумына қатысып, Сингапурдың Премьер-Министрі Ли Сянь Лунмен кездесу өткізді, сонымен қатар жетекші инновациялық компаниялармен Қазақстан экономикасын үшінші жаңғырту аясындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады, деп хабарлайды primeminister.kz.

Бұдан өзге, бірқатар нысанды аралады, олардың қатарында HDB тұрғын үй құрылысы кеңсесі, А*Star ғылым, технологиялар және зерттеулер агенттігі, Biopolis ғылыми-зерттеу орталығы, Fusionopolis стартап-хабы, сондай-ақ, Modelfactory@SIMTech зауыты бар.

Қазақстан – Сингапур бизнес-форумына екі елдің іскерлік орталарының 500-ге жуық өкілі, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың басшылары қатысты. Іс-шара аясында сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, Қазақстан мен Сингапурдың бизнес құрылымдарының өзара іс-қимылының басым бағыттарын дамыту және перспективалық инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты ауқымды мәселелер бойынша пікір алмастырылды.

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев «Құбылмалы Еуразиядағы Қазақстанның рөлі» пленарлық сессиясында сөз сөйлеу барысында, Сингапурдың Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы аса маңызды сауда-экономикалық серіктестерінің біріне айналғанын атап өтті. Бүгінгі таңда өңдеу өнеркәсібі, сауда, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, құрылыс және қаржы салаларында бірлескен кәсіпорындар жұмыс істейді. Сонымен қатар, бизнес-форумның қатысушыларына Қазақстанға инвестиция салудың жаңа мүмкіндіктері туралы мәлімет берілді. Инновациялар, көлік және логистика, тұрғын үй құрылысы, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібін және шикізаттық емес экспортты дамыту бағыттары бойынша ынтымақтастықты дамытудың әлеуеттері аталып өтті.

Қазақстан Үкіметі сингапурлық компанияларды белсенді ынтымақтастық орнатуға және жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға, оған қоса, «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына және жекешелендіру бағдарламасына қатысуға шақырады.

Бұдан өзге, форум барысында АХҚО Әкімшілігінің басқарма төрағасы Н. Құсайынов, «Зерде» ҰИХ» АҚ басқарма төрағасы Е. Дүрмағамбетов, «Kazakhstan Asia Pacific Trade and Investment Chamber (KAPTIC)» президенті О. Жиенқұлов, «Kazakh Іnvest» ҰК басқарма төрағасы С. Тұяқбаев, АХҚО Халықаралық сот және Халықаралық арбитраж орталығының бас директоры Кристофер Кэмпбел-Холт, АХҚО Әкімшілігінің банкинг бойынша басшысы Хайнер Р.Т. Хартвич, Paladigm Capital Pte Ltd басқарма төрағасы Д. Қарасаев, Kusto Group директорлар кеңесінің төрағасы Е. Тәтішев сөз сөйледі.

Өз кезегінде, сингапур тарапынан спикер ретінде Сингапурдың құрметті министрі, бұрынғы Премьер-Министрі Го Чок Тонг, Сингапур Республикасының сауда және индустрия жөніндегі аға мемлекеттік министрі Ко По Кун, Singapore Cooperation Enterprise басқарма төрағасы Конг Ви Мун, Оңтүстік-Азия зерттеулері институтының (ISAS) бас ғылыми қызметкері, Сингапур ұлттық университеті, Бангладештің бұрғынғы сыртқы істер министрі Д-р Ифтехар Ахмед Чоудхури, Meinhardt Group басқарма төрағасы Шахзад Насим, Food Empire басқарма төрағасы Тан Ванг Чу, CG Corp Global атқарушы директоры Варун Чаудхури сөз сөйледі.

Өзара іс-қимылды тереңдету перспективалары «Қазақстан – Сингапур іскерлік ынтымақтастығының әлеуетін зерделеу», «Қазақстандағы инвестициялар: тетіктер және тәжірибе» атты тақырыптық сессияларының аясында талқыланды. Бұдан өзге, форум алаңдарында Road Show және бірқатар іскерлік екіжақты кездесулер өткізілді.

Бизнес-форумның маңызды нәтижесі инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісімге, сондай-ақ АКТ және қаржы технологиялары, құрылыс, білім, мұнай-газ химиясы және тамақ өнеркәсібі салаларындағы Қазақстан мен Сингапур арасындағы ынтымақтастықты жандандыруға бағытталған басқа да құжаттарға қол қою болды.

Қорытынды құжаттар:

  • Қазақстан Республикасының және Сингапур Республикасының Үкіметтері арасындағы дипломатиялық және қызметтік/ресми паспорттардың иелеріне визалық талаптардан өзара босату шарттары туралы келісім;
  • ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен Сингапурдың ақпараттық және коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастық жөніндегі агенттігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  • «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен CRIMSONLOGIC PTE LTD арасындағы Open Trade Blockchain өнімін енгізу бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
  • «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен ENTERPRISE SINGAPORE BOARD арасындағы венчурлық қаржыландыру саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  • «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, ABC-I2BF Seed Fund ЖШС және PALADIGM CAPITAL PTE. LTD арасындағы венчурлық қор құру ниеті туралы меморандум;
  • «Кредит24» ЖШС және POCKET MONEY PTE. LTD арасындағы қаржылық қызметтер үшін технологияларды және бағдарламалық шешімдерді бірлесіп дамыту бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
  • «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ және Singapore Cooperation Enterprise арасындағы тұрғын үй құрылысы және қолжетімді баспана саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  • «Kazakh Invest» АҚ және International Cement Ltd, Alacem LLP арасындағы Алматы облысында цемент зауытын құрастыру жобасын іске асыру бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
  • «Kazakh Invest» АҚ және KinderWorld International Group Ltd. арасында ҚР-да 12 жылдық бағдарлама бойынша мектепке дейінгіден бастап орта мектепте білім беруге дейін Сингапур білім беру орталығын ашу бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
  • «Kazakh Invest» АҚ және Pegasus Education Group Pte. Ltd арасындағы ҚР-да орта кәсіптік білімнен жоғары білімге дейін Сингапур білім беру метрополисін ашу бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
  • «Kazakh Invest» АҚ және WESTGASOIL PTE. LTD арасындағы метанол және олефиндер шығару зауытының құрылысы жобаларын сүйемелдеу бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
  • «Kazakh Invest» және CG FOODS GLOBAL Pte. Ltd, Lotus Food LLP арасындағы жылдам дайындалатын кеспе шығару жобасын іске асыру бойынша өзара түсіністік туралы меморандум.

Жұмыс сапары аясында Бақытжан Сағынтаев Сингапур Премьер-Министрі Ля Сянь Лунмен кездесу өткізді. Әңгіме барысында сыртқы сауда айналымының оң динамикасы атап өтілді: өткен жылдың қорытындылары екіжақты тауар айналымының 35%-ға артуын көрсетіп отыр. Сонымен қатар, ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша өзара іс-қимылды одан әрі ұлғайту үшін зор әлеуеттің бары атап өтілді. Атап айтқанда, инновациялар және АТ, көлік және логистика, индустрияландыру, құрылыс, білім және ғылым, денсаулық сақтау салаларында ынтымақтастық орнатуға болады.

Тараптар елдер арасында цифрландыру, «ақылды қалаларды» ілгерілету, инновациялық желі құру мен киберқауіпсіздікті дамыту бойынша ынтымақтастық орнату үшін ашылып отырғаны кең мүмкіндіктердің міндеттерін айқындады. Б. Сағынтаев ынтымақтастықты одан әрі дамытуға тарихи тұрғыдан Қазақстан Президенті Н. Назарбаев пен Сингапурдың негізін қалаған тұлға Ли Куан Юдің жеке достығына негізделген екі ел арасында орнаған жылы қарым-қатынас та, халықаралық мәселелер мен әлемдік дамуға қатысты тәсілдерінің ұқсастығы да ықпалын тигізетінін атап өтті. Қазақстан мемлекетті Сингапур мен басқа да дамыған озық елдердің көптеген әдістемелері мен тәжірибелерін алу арқылы жаңғырту жолымен келе жатыр.

Сингапурде сонымен қатар ынтымақтастықты дамытудың көптеген мәселелері мен бірлескен жобаларды іске асыру бойынша ірі инновациялық компаниялардың өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өтті.

«Meinhardt Group» басқарма төрағасы Шахзад Насиммен кездесуде қаланы жоспарлауда озық технологияларды енгізу саласындағы бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды.

KinderWorld International Group басқарма төрағасы Тан Тек Ионгпен кездесу барысында үздіксіз білім беруді дамытуда жоғары стандарттар мен жаңа тәсілдерді енгізу саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.

Barrington Capital Partners компаниясының құрылтайшысы, Westgasoil компаниясының бас директоры Лим Рен Цзэ мен әңгіме Қазақстанда мұнай-газ химиясы жобаларын іске асыру мәселелеріне арналды.

Штаб-пәтері Сингапурде орналасқан Meinhardt компаниясының бүкіл әлем бойынша энергетика, мұнай-газ саласы, сумен жабдықтау, көлік, тұрғын үй құрылысы, денсаулық сақтау, білім, спорт т.б. тәрізді экономика сегменттерінде нысандарды жобалау және салу саласында 60 жылдық тәжірибесі бар.

KinderWorld мектебін халықаралық ұйымдар: Сингапур емтихандау және бағалау кеңесі, (SEAB), Кембридж университеті, ACT білім беру шешімдері аккредиттеген. KinderWorld беделді бағдарламалар сертификатын табыстауға, оның ішінде iPSLE (халықаралық бастапқы білім емтиханы), IGCSE (халықаралық орта білім жалпы сертификаты) және GAC (жаһандық бағалау сертификаты) бойынша емтихандар өткізеді. Бұл мектептердің түлектеріне әлемнің 100 үздік университетіне түсуге қажетті білімді алуға мүмкіндік береді.

Barrington Capital Partners — Азиядағы келісімдер бойынша жетекші сингапурлық инвестициялық компания. Бұл компания жобалық капитал құру үшін қаржыландыру көздерін іздеумен айналысады. Компания келесі салаларда ұсынылған, $2 млрд дейінгі жобаларды құрылымдастырады — жылжымайтын мүлік, қаржылық қызметтер, қонақ үйлер, мұнай, газ, білім беру, технология, азық-түлік өнімдері т.б. «Westgasoil» компаниясы Атырауда «ҰИМТ» АЭА аумағында екі газ химиясы жобасын іске асыруда.

Қазақстан Премьер-Министрі Сингапурға жұмыс сапары аясында бірқатар нысандарға барып, заманауи технологиялармен және инновациялармен танысты. Олардың ішінде HDB Сингапурды дамыту және тұрғын үй құрылысы кеңесінің кеңсесі, «Fusionopolis» стартап-хаб, «Biopolis» биомедициналық ғылымдар орталығы, Сингапурдың сауда және өнеркәсіп министрлігінің ғылым, технологиялар және зерттеулер агенттігі («А*Star»), сонымен қатар Modelfactory@SIMTech «үлгі зауыты» бар.

HDB кеңсесіне барған Б. Сағынтаевқа Сингапурдың тұрғын үй құрылысы саласындағы тәжірибесі мен халықты сапалы және қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету, мемлекет тұрғындарының барынша ыңғайлы өмір сүруі үшін қажетті инфрақұрылымды құрудағы негізгі жұмыс қағидасы таныстырылды.

Сингапурдың сауда және өндіріс министрлігінің «A*Star» ғылыми, технология және зерттеу агенттігіне сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев жасанды зерде, технологиялар және инжиниринг, биомедицина, экономика және қызметтерді цифрландыру саласындағы ғылыми-зерттеу және инновациялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған технологиялық мүмкіндіктермен танысты. Агенттік Biopolis және Fusionopolis атты екі үлкен халықаралық зерттеу және өңдеу орталықтарын дамытумен айналысады.

Молекулярлық биология, қатерлі ісік ауруы, ДНҚ-ның діңгек жасушалары мен жаңа дәрі-дәрмекті зерттейтін әрі буындарға арналған титан импланттарын жасайтын «Biopolis» биомедицина орталығының техникалық жабдықталуына ерекше назар аударылды.

Fusionopolis стартап-хабына барған Б. Сағынтаев қазіргі заманғы ғылыми іс-шаралармен, жаһандық проблемаларды шешудегі жаңашылдық пен заманауи технологиялар саласындағы атқарылып жатқан ғылыми шаралармен танысты. Инвестициялық платформа АT саласында маңызды ынтымақтастық пен халықаралық серіктестіктің қолайлы ортасын қалыптастырады.

Modelfactory@SIMTech зауытында Премьер-Министр шынайы өндірістік ортаға еліктеу арқылы цифрландыру технологияларын зерттеп, тәжірибе жүргізуге мүмкіндік беретін заманауи құрылғылармен танысты. Атап айтқанда, өндірістегі мәселелерді туындағанға дейін болжау. Б. Сағынтаевқа өндірістік тізбек кезінде барлық шешім қабылдау үшін ақпаратты жинап әрі оны өңдеуге мүмкіндік беретін өндірісті бақылау диспетчерлік мұнарасы да таныстырылды.

Тұрғын үй құрылысы және даму кеңесі (Housing and Development Board, бұдан әрі — HDB) 1960 жылы мемлекеттік тұрғын үй саясатында бірыңғай оператор ретінде құрылды. HDB тұрғын үй мәселесін шешуде халықтың аз қамтылған сегменттеріне көмек көрсету бағдарламаларын іске асыруды көздейді (табысы төмен азаматтар, жалғызбасты аналар, зейнеткерлер мен мүгедектер тобы), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй секторындағы ережелер мен нормалардың сақталуын бақылайды. HDB құрылған сәттен бастап, 23 ауданда 1 миллионнан астам пәтер салынды, онда Сингапур халқының 80%-ы тұрады.

Ғылым, технологиялар және зерттеулер агенттігі (A*Star) ғылыми зерттеу және инновацияны қолдауда Сингапурдың жетекші агенттігі болып саналады. A*Star мемлекеттің ғылым мен технология саласына жетекшілік етеді. Агенттік құрамында биомедициналық, физикалық және техникалық ғылымдар саласында 18 ғылыми-зерттеу институты мен Biopolis и Fusionopolis технологиялық парктерінде орналасқан алты консорциум бар.

Biopolis биомедицина ғылымы саласындағы зерттеулер мен әзірлемелердің халықаралық орталығы ретінде өз институттарына АҚШ, Еуропа, Жапония, Ресей мен басқа елдердің жетекші ғалымдарын тартады. Орталықта мемлекеттік ғылыми-зерттеу институттарымен қатар, Novartis, Danone, Abbott және Procter & Gamble секілді компаниялардың корпоративті зертханалары орналасқан. Онда денсаулыққа пайдалы әрі қауіпсіз өнімдерді әзірлеу бойынша зерттеулер жүргізіледі.

Fusionopolis — Сингапурдың жаңа ғылыми мегажобасы. Технопарк — ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, бұқаралық ақпарат құралдары, физикалық ғылымдар мен машина жасау саласында ғылыми-зерттеу және өндірістік қызмет біріктірілген ғылыми-зерттеу кешені.

Modelfactory@SIMTech зауыты өнімді өндіру кезінде туындаған мәселелерді имитациялау арқылы жұмыс істейтін өнімділік көлемі шағын, алайда технологиялық жарақтануы жоғары толық функционалды өндірістік желі. Зерттеу тұрғысынан, «үлгі зауыт» кибер-физикалық өндіріс жүйелері және өндірістің үш деңгейінде, атап айтқанда, цехта, кәсіпорын мен жеткізу тізбегінде икемді автоматтандыру сияқты маңызды технологияларды әзірлеу үшін мінсіз алаң болып саналады.