Елімізде ажырасулар саны күрт артуы мүмкін

0
742

​Ғасыр басталғалы айырылысқан ерлі-зайыптылар саны шамамен екі есеге көбейді.


Елімізде ажырасулар саны күрт артуы мүмкін

ERNUR.KZ. Ресми статистика бойынша, 2000 жылы республикада 27 391 адам некесін ресми бұзыпты. 2001 жылы бұл көрсеткіш 29 599 адамға жетті. Содан бері тек өсіп келеді, деп жазады inbusiness.kz.

Ортақ шаңырағын күйреткендер саны 2016 жылғы 51 993 адамнан 2018 жылы – 54 797, 2019 жылы – 59 796 адамға дейін жетті.

Сарапшылардың айтуынша, бұған сол кезде атаулы әлеуметтік көмекті енгізу ықпал еткен: АӘК алу үшін отбасының табысы төмен болуы керек, ал оны төмендету үшін отбасын асырап отырған отағасының табысы есептен шығарылуы керек. Тиісінше, елде жалған ажырасулар саны өсе бастады.

Бұған тосқауыл қою үшін Үкімет АӘК алатын отбасыларға еш ескертусіз комиссия жіберу тәжірибесін енгізді. Оның мүшелері үйлерге кіріп, көргенін фотосуретке түсіреді.

Егер қағаз жүзінде айырылысқан отағасының өз үйінде ары қарай тұрып жатқаны әшкереленсе, мысалы, оның киімдері шкафта самсап тұрса, экс-жұбайлар алаяқ деп есептеліп, адресті көмек беру тоқтатылуы мүмкін. Комиссиялардың осындай "тінтуі" қаншама дау-жанжалдарға тамыздық болғаны белгілі.

Мол табыс табатын ерінің немесе әйелінің некені бұзғаннан кейін бұрынғы жұбына алименттен басқа ақша аударуы да бақыланады.

2020 жылы Қазақстанда 48 002, 2021 жылы – 48 239, былтырғы 2023 жылы – 44 517 қазақстандық ажырасып кетті. Яғни, біршама төмендеді. Психологтар мұны пандемияның да әсерімен түсіндірді: бірлесе көтерген жүк жеңіл демекші, ауыр кезеңдерді жеке емес, бірге өткізген оңайырақ.

Нәтижесінде әйелін не күйеуін тастап кетуді бұрыннан ойлап жүрген қазақстандықтар пандемиялық және постпандемиялық кезеңде ол райынан қайтқан. Жауапты органдарға, соттарға некені бұзу туралы өтініш бергендер онысын қайтарып алған.

Бірақ Қазақстанда ажырасу коэффициенті бәрібір жоғары саналады. Егер бұл көрсеткіш ғасыр қарсаңында, 2000 жылы 1,84 болса, яғни некедегі әрбір 1 мың адамның осыншасы айрылысса, 2013 жылы бұл рекордтық 3,02 межесіне жетті. 2019 жылы кезекті рет рекорд жаңғырды: 3,23.

Абырой болғанда, содан бері ажырасу коэффициенті құлдырап келеді: 2020 жылы – 2,56, 2021 жылы – 2,54, өткен 2022 жылы – 2,27 болды. Ағымдағы жылы кезекті антирекорд тіркелді – 0,83.

"Биылғы бірінші жартыжылдықта Қазақстанда 53,8 мың неке тіркелді. Некелесу коэффиценті 1000 адамға шаққанда 5,46 құрады. Сондай-ақ осы кезеңде 8,1 мың неке бұзылды. Бұл статистикаға АХАТ деректері кірді, некені бұзу туралы сот шешімдері есепке алынбады. Ажырасу көрсеткіші 1000 адамға шаққанда биыл 0,83 құрады", – деп түсіндірді Ұлттық статистика бюросының мамандары.

Дегенмен сарапшылар ажырасулар саны тағы артуы мүмкін деп болжап отыр. Психолог Сандуғаш Кебекованың байламынша, бұған объективті және субъективті факторлар қатар әсер етеді.

"Биылғы жылы Тұрлыханов, Бишімбаев сияқты белгілі тұлғаларға қатысты немесе өзге де атышулы зорлық-зомбылық фактілері қоғамымызды дүр сілкіндірді. Атақты фамилиялар болғандықтан, ақпарат құралдары, қаптаған блогерлер хайп пен ұпай аулап, бұл оқиғаларға баса мән берді, егжей-тегжейіне дейін теріп жазды. Соның бәрін оқыған кейбір әйел қабылдауға келгенде, бұдан қатты шошынғанын, себебі, ондай қысастықтың нышандарын өз өмірінен де байқағанын айтып жатты. Содан дереу отбасынан кетуге ұйғарыпты. Әрбір психолог бұл мәселеге маман ретінде қарап, субъективті жайттардан арылуға, мысалы, шектен тыс эмоцияға берілмеуге шақырғаны жөн. Бірақ көбісі татуластыруға бас қатырмайды, ерінен дереу құтылуға кеңес беретін психологсымақтар жетерлік. Сонда клиент әйел өзіне тәуелді болып қалады, психологиялық демеу іздеп, үнемі келіп тұрады", – деді Сандуғаш Кебекова.

Биыл Қазақстан "16 күн" жаһандық бастамасына қосылды. Оның аясында 25 қарашадан бастап 16 күн бойы әйелдерге, қыздарға қатысты зорлық-зомбылықпен күрес шаралары пысықталады, түрлі ұйымдарда, оқу орындарында саналуан дәрістер, семинарлар, кездесулер өткізілуде.

Нәтижесінде, отбасылық тирандардың төмпештеуіне үнсіз көнетін "бақытсыз Жамалдардың" саны барған сайын азаяды. Бұл сайып келгенде, бұзылған некелер санының артуына ықпал етері даусыз.

Сарапшы зорлық-зомбылық сыртында, ажырасуларға негіз болатын себептер қатарында жұмыссықты, маскүнемдікті, нашақорлықты да атады. Қазақстанда экономикалық ахуал қиындай бастады. Дағдарыс тыйылмай, ары қарай жалғасуда. Қымбатшылықты да Үкімет құрықтай алмады. Салдарынан, ел ішінде ішімдікке салынушылықтың, есірткіге елігудің белең ала бастағаны байқалады. Бірден мыңдаған жұмысшысын қысқартқан ірі кәсіпорындар, компаниялар да көбейді.

Бұл факторлар да ажырасулар көрсеткішін нашарлата түсуі ықтимал. Биліктің букмекерлік кеңселерді және лотереялық монополисті бассыз жіберуі салдарынан, лудомания проблемасының ушығуы да ажырасулар санына серпін берді.

Оның үстіне ресми статистика жыл басынан бері әкімдіктер жанындағы Азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі (АХАТ) тіркеген неке бұзулар дерегін ғана назарға алып отыр. Бірақ ажырасушы ерлі-зайыптылардың арасында балаға, мүлікке және басқаға қатысты жиі дау-дамай туындап жатады. Оның бәрі тек сот арқылы шешіледі. Демек, биылғы жыл қорытындысында екеуін де есепке алғанда, саладағы көрініс мүлдем басқаша өзгеріп шыға келуі мүмкін.

Айтқандай, елімізде жүргізілген ұлттық санақ отбасылар санының көп өспей тұрғанын паш етті. Егер 2009 жылғы халық санағы Қазақстанда 4 млн 22 мың 411 отбасының барын көрсетсе, арада он жыл өткенде, бұл сан небары 5 млн 578 мың 947 отбасыға ғана жетіпті.

Тіксінтетіні сол, егер 2009 жылы қазақстандық отбасылардың орташа көлемі негізінен 4 адамнан құралса, соңғы санақ көрсеткендей, оның көлемі 3 адамға дейін азайды.

Санақ қорытындысында 595 280 ата-ананың баласын (балаларын) жалғыз өзі тәрбиелеп жатқаны анықталды. Соның ішінде 494 328-і – жалғызбасты аналар.