Елімізде газдалған тәтті сусындарға салық көбейеді

0
599

Сонымен қатар олардың жарнамасы да шектелуі мүмкін.


Елімізде газдалған тәтті сусындарға салық көбейеді

ERNUR.KZ. Қоғам белсенділері құрамында қанты бар газдалған сусындарға 20% акциздік салық салуды ұсынып отыр, деп жазады 24.kz.

Сонымен қатар олардың жарнамасын да шектеу қажет дейді. Бұл ұсыныс жүзеге асса, лимонадтар мен энергетикалық сусындар, темекі және алкоголь өнімдерімен қатар тұратын болады.

Газдалған тәтті сусындардың зияны шаш етектен. Қоғам белсенділері мұндай сусындарды «темекі, арақпен тең»дейді. Сол себепті салық мөлшерін де көтеру қажет. Себебі, құрамында қанты көп болғандықтан, балалар арасында түрлі ауру туғызып отыр. Әрі балғындардың көбі бесіктен белі шықпай жатып семіздікке бой алдырған.

"Құрамында қанты бар сусындарға акциздік салық салынуы керек. Мысалы, Бахрейн, Сауд Арабиясы, Әмірліктер сияқты бай елдерде тәтті сусындарға салық салады. Бұл акциздер тұтынудан келетін зиянға өтемақы болмақ. Себебі, газдалған тәтті сусындар бала денсаулығына орасан зиянын тигізіп жатыр. Оны дәрігерлердің өзі айтып, дабыл қағыуда. Мысалы 200 теңге тұратын бір бөтелке сусынның 40 теңгесі мемлекетке берілуі керек деп есептеймін", - дейді «Ұлт денсаулығы» қоғамдық кеңесі төрағасының орынбасары Жамиля Садықова.

Ұлт денсаулығына алаңдаған жандардың жанайқайы бекер емес. Қантты мөлшерден тыс тұтыну балаға ғана емес, ересек адамның өзіне қауіпті екені мәлім. Соны біле тұра, ата-ана тәтті сусынды кішкентайларға өздері сатып әпереді. Оның салдары мен салмағы ауыр болуы мүмкін. Педиатр дәрігер Ғалия Батыржанқызы осылай дейді. Оның айтуынша, тәтті сусындар семіздікпен қатар баланың нерв жүйесіне де зиян. Ой-өрісін шектейді. Тіпті қант диабетіне де шалдықтырады.

"Көбіне қазіргі таңда семіздік ауруына алып келеді. Және де эндокриндік жүйенің ауруларына бейім болып келеді. Қазір аурулар жасарып келеді. Себебі жүктілік кезінде ата-ана зиянды сусындарды көп тұтынуынан. Бұл эндокриндік жағынан болса, екінші нерв жүйесінің аурулары", - дейді дәрігер-педиатр Ғалия Батыржанқызы.

«Біреуге жан қайғы, енді біреуге мал қайғы». Алкогольсіз сусындар мен шырындар қауымдастығыны» жетекшісі Әлия Мамытбаева болса, «тәтті сусындарға салық салу өндірушілерді құрдымға кетіреді», - дейді. Оның айтуынша, Қазақстан үшін сусындарға салынатын акциздік салық экономикалық жағынан да, сауықтыру жағынан да тиімсіз. Мұнда басты мәселе тәтті сусындарда емес, жалпы ел тұрғындары таза қанттың өзін мөлшерден көп тұтынады. Сондықтан тек газдалған тәтті сусындардан келетін зиянды тізе берудің жөні жоқ.

"Тәтті сусындарға акциздік салық 20% болса, өндіріс қарқыны 26%-ке төмендейді деген сөз. Бұл өз кезегінде жұмыс орындарының қысқаруына әкеп соғуы мүмкін. Экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Әсіресе, қазақстандық шағын және орта бизнес кәсіпорындары үшін қайтарымсыз болады. Есесіне тамақ өнімдері саласындағы бизнеске көптеген кедергілер жасайды. Отандық тәтті сусындарға тосқауыл қоятын болсақ, нарықты көрші елдердің осындай өнімдері жаулап алатын болады", - дейді «Алкогольсіз сусындар мен шырындар қауымдастығының» жетекшісі Әлия Мамытбаева.

Денсаулық сақтау министрлігі 2018 жылы мектептерде газды, тәтті сусындар мен кондитерлік өнімдер сатуға тыйым салған болатын. Ал, былтыр қоғамдық денсаулық сақтау орталығы қазақстандық өндірушілерден тәтті сусындардың құрамындағы қант мөлшерін азайтуды сұрап, өтініш жасаған. Бірақ әлі күнге жауап жоқ.