ҚР Көлік министрлігі «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК мен «Әділдік жолы» РҚБ арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
ERNUR.KZ. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстарды қоғамдық ұйымдармен бірге жүзеге асырмақ, деп жазады inform.kz.
«Жолшылар ашық және айқын жұмыс істейді. Мұны сөзбен емес, іс жүзінде көрсету үшін жол саласының мамандары өздерінің барлық өндірістік жұмыстарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда қоғамдық бақылаушылармен бірге жүргізуге дайын. Осындай ниетпен Жол активтері сапасының ұлттық орталығы басшылығы «Әділдік жолы» өкілдерімен кездесу ұйымдастырды. Қоғамдық ұйымның мақсаты - сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыру, парасаттылық идеологиясын ілгерілету, сыбайлас жемқорлық құқық бұзу әрекетін жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою», - делінген Жол активтері орталығы мәліметінде.
Атап айтқанда, ҚР Көлік министрлігі «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК мен «Әділдік жолы» РҚБ арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Құжаттың тармақтарында жол-құрылыс материалдары сынамаларын іріктеу, жол сапасына сараптама және диагностика жүргізу кезінде қадағалаушы ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда қоғамдық бақылаушылардың қатысуы көзделген.
Жол активтері сапасының ұлттық орталығында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында қазіргі кезде зертханалық сынақтар жүргізудегі процестерді цифрландыруға көшу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.
«Жол-құрылыс материалдары сынамаларына QR кодтау әдісін қолдану әдісі енгізіліп жатыр. Бұл жерде нысан немесе мердігердің атауы және материалдардың қай жерден алынғаны туралы ақпарат көрсетілмейд. ("Олимп" медзертханасының аналогы). Кәсіпорында жол-құрылыс материалдары сынақтарын жүргізу процестерін және сынақ жабдықтарынан деректерді автоматты түрде KazRoadLab бірыңғай базасына беруге мүмкіндік беретін автоматтандыру жүйесі енгізілді. Бұл жерде зертханашы мәліметтерді қолмен жазып отырмайды. Ведомстволық сараптама порталы жұмыс процесін жеңілдетеді және жол жобаларындағы техникалық кемшіліктер мен тәуекелдерді жедел әрі сенімді анықтауға мүмкіндік береді. Осы әзірлемелердің барлығы адами факторды жоққа шығарады және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Сондай-ақ, жақын арада сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне неғұрлым бейім нысандарда тұрақты бейнебақылауды қамтамасыз ету жоспарланған», - деді ЖАСҰО Бас директорының орынбасары Арман Қайырбеков.
Өз кезегінде «Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұлов жолдың сапасын жақсарту үшін ұйым не істеп жатқанын айтты.
«Біз арнайы сайт құрдық және азаматтардың өтініштері үшін колл орталығын іске қостық. 8 ай ішінде жолдарға қатысты 2000-ға жуық шағым келіп түсті. Барлық осы өтініштер бойынша біз жол учаскелеріне барамыз. Нәтижесінде мердігерлер көбінесе жолды қалпына келтіру жұмыстарын дереу бастайды. Себебі қоғамдық бақылау болған кезде - мердігердің көзқарасы мүлдем басқаша. Сондықтан Жол активтері сапасының ұлттық орталығымен бірлескен жұмыстарымыз жолдарымыздың сапасын жақсарту үшін тек оң нәтиже беретініне сенімдіміз», - деді Д. Смағұлов.