Оларға тек Pfizer вакцинасы ғана егіледі.
ERNUR.KZ. Коронавирусқа қарсы вакцина жүкті әйелдер мен оқушыларға да салынатын болды. Алматыдағы 174 мың оқушы мен 90 мыңға жуық әйелге екпе салу жоспарланған, деп жазады Azattyq Ruhy.
Бүгінде Алматыда вакцинация жүргізетін 137 егу пункті орналастырылған. Қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаевтың сөзінше, Pfizer вакцинасын салу үшін алдымен оқушылардың ата-аналары келісім беруі тиіс.
«Үкімет бірінші кезеңде вакцинацияланатын үш басым топты анықтады. 12-18 жас аралығындағы балаларды, сондай-ақ жүкті және бала емізетін әйелдерді вакцинациялау үшін Pfizer препаратын әкелу жоспарлануда. Сонымен қатар, бұл вакцинаны мектептерге бару арқылы жүргізуге рұқсат етіледі. Қазіргі уақытта Алматыда осы жастағы вакцинациялауға жататын 174 600 бала бар. Бала емізетін әйелдер – шамамен 67 000, жүкті әйелдер – 20 500. Бізде бұл тізімдер бар. Вакцинация ерікті түрде және ата-аналардың келісімімен жүргізіледі», - деді Алматы ҚДБ басшысы.
Сонымен қатар, ведомствода вакцинаны сақтау бойынша нақты нұсқаулар бар. Н.Табынбаевтың айтуынша, Pfizer вакцинасы – 60-90 градус температурада сақталуы тиіс. Бұл әзірлеушілердің басты талабы. Бүгінгі күнге дейін вакцинаның бірінші компонентін 983 267 адам алса, екінші компонентін 908 697 қала тұрғыны салдырған. Табынбаев коронавирусқа қарсы вакциналану денсаулыққа зиянды әрі соңы өлімге апаратын дерттен қорғанудың ең тиімді және жалғыз әдісі екенін атап өтті.
«Ерітілгеннен кейін ампулаларды 2-8 градус температурада сақтауға болады. Препаратты жалпы алғанда 30 күнге дейін суық тізбекті сақтай отырып қолдануға болады, осы уақыт ішінде ол өзінің қасиеттерін сақтайды», - деп толықтырды Н. Табынбаев.