Бір жылда баға шамамен 60 пайызға көтеріліп отыр.
иллюстрациялық фото
Елімізде күнбағыс майы тағы қымбаттады. Қазір еліміздегі дүкендер мен базарларда сұйық майдың литрі орта есеппен 767 теңгеден сатылуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.
Қымбатшылыққа шикізат бағасының шарықтауы себеп дегенімен, өндіріс қарқыны азайған емес. Май өндіруші компаниялар биыл 23 пайызға артық өнім шығарыпты. Сондықтан мамандар экспортқа шектеу қоймаса, бағаға да тұсау болмайды дейді.
Қарағанды облысында күнбағыс майы бағасының күрт өсуі көктемде байқалған. Сол сәтте статистика 56 пайызға бір-ақ көтеріліпті. 350 теңге тұратын сұйық майдың литрі 600-ге жеткен. Ал қазір литрі 800 теңгенің тұсында тұрған әлеуметтік маңызы бар өнімнің құны екі үш күн бұрын 900 теңгеден асып кетті. Бұл қарапайым қарашаның қалтасына сезілгені өз алдына, қоғамдық тамақтану орындарындағы жағдайға да кері әсерін тигізуде. Ас әзірлеудегі негізгі ингредиенттің қымбаттауы ас мәзіріндегі бағаның өсуіне тікелей байланысты дейді аспаз.
"Дайындалған тамақтың құны қымбаттап шыға келеді. Ал келушілер артық ақша шығарғысы келмейді әрине, алатын тамағын да азайтады. Оларды да түсінуге болады. Азық түлік бағасының өсуі тоқтайтын емес. Ал жалақы өсіп жатқан жоқ. Түскі асына көп ақша жұмсаса, үйге апаратын жалақысынан не қалады?", - дейді аспаз Анна Залиськая.
Ең қымбат май Атырау қаласында. Онда тамақ пісіруге аса қажетті тауардың литрі орта есеппен 836 теңгеден. Ал ең арзан күнбағыс майы Петропавлда сатылып жатыр – 664 теңге. Қымбатшылық Алматыда да байқалуда. Мұндағы саудагерлер әлеуметтік маңызы бар өнім 10 пайыз, қалған сұйық майлардың бағасы 30 пайызға дейін көтерілгенін растап отыр.
"Екінші жартыжылдықта шикізат бағасының өсуіне орай сұйық май да қымбаттады. Бұның барлығы күнбағыстың жетіспеушілігінен туындаған мәселе. Мұндай сәтте міндетті түрде өндірушілер де бағаны көтеріп, тауарды жоғары сомада өткізеді", - дейді супермаркеттер желісінің менеджері Диана Оршлет.
Осылайша сұйық майдың қымбаттауы былтыр майлы дақылдардың бітік шықпауына байланысты. Яғни шикізаттың жетіспеушілігімен байланыстырып отыр. Сондай-ақ биыл өткен жылғы өнім толық сатылып бітпепті. Сығымдап алынған өнімнің 58 мың тоннасы экспортталған.
"Бұл әлемдік сұраныстың артуынан туындап отыр. Қазір біздің сұйық майларға Өзбекстан мен Қытайдан сұраныс жоғары. Бір қуанарлығы, биыл өзімізде және Ресей мен Украинадағы егін алқаптарында күнбағыс көптеп өсірілді. Ал ол экспортқа енді жіберіледі. Қазір қымбат бағада сатылып жатқандар былтырдан қалған сұйық майлар", - дейді Қазақстан май-тоңмай одағының президенті Константин Невзоров.
Шетелден тасымалданатын майдың көлемі 12 пайызға азайған. Ал қамбадағы биыл жиналған дақыл зауыттарға жеткен соң, сұйық майдың бағасы бір ай көлемінде 10 пайызға дейін төмендеуі мүмкін деп отыр.